Егін алқаптарында судың 40 пайызы ысырап болып, далаға кетіп жатыр. Солардың қатарында Жетісу облысы да бар. Өңірде гидроқондырғылар мен арық, каналдардың дені тозған немесе істен шыққан. Енді осы мәселені шешу мақсатында 2026 жылға дейін кешенді жоспар құрылып, қомақты қаржы бөлініп, арықтарды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
Жаздың аптап ыстығында көксулық диқандар алқап басында. Бір жағынан су шығарып, егінін суарса, екінші жағынан канал тарту жұмыстарын өздері бақылап кетеді. Себебі арық суы дұрыс бұрылмай, өнімді шірітіп жіберуі мүмкін. Қазір мұндағы шаруалардың бар тілегі – жаңа каналдың жылдам салынуы.
Мырзабек Байболатов, Шаруа қожалығының жетекшісі:
Жаңадан бетонды қалып салып жатыр дейді. Су қашпайды дейді. Ел дұрыс деп жатыр. Жерге сіңбейді. Егіннің басына тура келеді. Сол жағынан жақсы деп жатыр.
Асқар Рысқұлов, шаруа қожалығының жетекшісі:
Әйтеуір судан әзірге тапшылық жоқ. Енді тезірек бітіп, жақсы болсын. Ел, жұрт соның қызығын көрсін.
Бір ғана Көксу ауданының 108 шақырым ирригациялық жүйесі жаңартылып жатыр. 9 канал жаңадан салынады. 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, мердігерлер жобаны уақытылы аяқтауға сенім білдіріп отыр.
Данияр Тұрсынбеков, жоба жетекшісі:
Шекара деген каналда 5,5 километрдің 3,5 километрін ауыстырып болдық. Бұл жерде қазір 48 адам, 17 техника жұмыс істеп жатыр.
Келешекте Жетісу облысында үлкен 6 су қоймасын салу көзделген. Бұл да игерілмей жатқан суармалы алқаптарды игеруге және жыл бойы сумен тұрақты қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Бақыт Әбішев, «Қазсушар» РМК Жетісу филиалы директорының орынбасары:
ТЭО-ға ақша бөлінді. ТЭО жасалса, ары қарай ПСД-ға ақша бөлінсе, СМР-ға жұмыс істейміз. Құрылыс басталады.
Жетісу өзен-көлі мол аймақ қатарында болғанымен, мұнда жылдан жылға су тапшылығы сезілуде.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Мамандардың айтуынша, диқандардың дені су үнемдеу технологиясына, яғни жаңбырлатып немесе тамшылатып суару әдісіне көшпей, тіршілік нәрінің ысырап болғаны ысырап. Әмбе шаруалардың өздері ол үшін біраз шығындалуы керек. Айтпақшы биыл Жетісу облысы колледждерінің бірінде су шаруашылығына қажет мамандар дайындайтын факультет ашылады.
Қуаныш Қанатұлы