Құрылысшылар күні қарсаңында үздіктер марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрылысшылар күні қарсаңында үздіктер марапатталды

09.08.2024

Мемлекет басшысы құрылыс саласы қызметкерлерін марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Атап айтқанда, 4 азамат «Парасат» орденінің және 36 адам «Құрмет» орденінің кавалері атанды. 40 жұмысшы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталып, 72 құрылысшы «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері болды.

Ал алдағы жексенбі – құрылысшылар күні. Кәсіби мереке қарсаңында үздіктер министрдің қолынан марапат алды. Оларға «Құрметті құрылысшы», «Құрметті сәулетші» және «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілері табысталды. Ведомство басшысы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, құрылыста даму серпіні бар. Мәселен, былтыр 17,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткіш 18 миллион шаршы метрге жетпек. Құрылысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында өткен жартыжылдықта елде 68 мыңдай тұрғын үй салынған. 2030 жылға қарай бұл сан 1 миллионға жетпек. Кәсіби мереке биыл 7-ші рет тойланып жатыр. Қазір бұл салада 648 мыңға жуық адам және 53 мыңнан астам компания жұмыс істейді.

Өтебай Әжіқабылов, құрылысшы:

Бізде тәртіп қатал. Берілген уақытта тапсыруымыз керек нысанды. Соған қатты мән береміз. Уақытпен санаспайтын кездеріміз де болады.  Жылына бір рет емтихан тапсырып отырамыз, арнайы комиссия бар.

Әсия Жиымбекова, «Сарыағаш-Аман» мекемесінің директоры:

Біз кәріз саласындағы құбырларды саламыз, су жүйесін жүргіземіз. Үлкен-үлкен жобаларды іске асырып жатқан жағдайымыз бар. Мекемеде 150-200 адам жұмыс жасайды. Соңғы 5 жылда Үкіметке 3,5 миллиард салық төледік. Қазақстанның өсіп-өркендеуінде осындай үлесімізді қосып отырмыз.


Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу