«FlyArystan» әуе компаниясы 12 жастағы қызды рейске жібермегені үшін жауапқа тартылады. Азаматтық авиация комитеті оларға тексеру жүргізбек. Бұған дейін домбыраны бортқа кіргізбей басы дауға қалған компания, енді кәмелеттік жасқа толмаған баланы тастап кеткен. Қазір қыздың анасы әуе компанияны сотқа бермек. Ал әуе компаниясы олардан кешірім сұрап, 4 млн теңге өтемақы ұсынып, әлекке түсіп жатыр.
Оралдық Жазира Мусина «FlyArystan» әуе компаниясымен болған жағымсыз жағдайды үреймен еске алады. Жазираның сөзінше оның егіз қызы Астанадан Оралға ұшуы тиіс болған. Бірақ әуе компания қызметкері егіздің бірін тіркеп, екіншісін тіркемеген. Бірақ сыңарын бортқа өздері отырғызамыз деп сендірген. Алайда қызымызды әуежайда жалғыз өзін қалдырып, бортқа кіргізбей қойды дейді.
Жазира Мусина, Орал қаласының тұрғыны:
Екінші қызым Зерені самолетке отырғызбай, регистрация жасамай, баланы аэропортта алып қалады. Балам «FlyArystan» әуе компаниясының тіркеу орнының қасында 3 сағат бойы тұрды.
Ал «FlyArystan» әуе компаниясы бұл жағдайға тек жазбаша жауап берумен шектелді. Жауаптарында әуе кемесі сыйымдылығы аз ұшаққа ауыстырылғандықтан, 12 жастағы қыз балаға ұшақ бортынан орын жетпей қалған. Яғни, жолаушының билеті бар бірақ, орны болмай шыққан.
Әуекомпания бұл жағдайдағы өз кінәсін толық мойындайды. Біз болған оқиғаға шынайы өкініш білдіреміз және бұл жағдай біздің қызмет көрсету стандарттарымызға мүлдем сай келмейтініне сендіргіміз келеді. Шынайы кешірім сұрай отырып, Мусина ханым мен отбасына келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы ұсынуға дайынбыз.
Зардап шегушінің сөзінше «FlyArystan» компаниясы оған 4 млн теңге өтемақы ұсынған. Бірақ Жазира Мусина әуе компаниямен тек сотта кездесуге бекініп отыр. Тіпті бұл оқиғаның болғанына 20 күнге жуықтаған. Ал компания бүгін ғана кешірім сұрап, хат жіберіпті. Енді бұл іске Азаматтық авиация комитеті де кірісіп, тексеру жүргізбек.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
«FlyArystan» әуе компаниясын тергейтін болады. Және де тексеретін болады. Қазіргі таңда осы баланың ата-анасымен тікелей байланыстамыз. Алдағы уақытта кездесеміз деген жоспарымыз бар. «FlyArystan» әуе компаниясын да кешірім сұраған болатын. Жалпы жолаушылардың құқығы мүлтіксіз сақталуы керек. Бұл өте өрескел жағдай. Біз оны мойындаймыз.
12 жастағы баланы ұшаққа отырғызбау оқиғасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі де, Азаматтық авиация комитетіне хат жолдады. Мақсат - баланың құқығын, қауіпсіздігін сақтау.
Самал Қабышева, тілші:
«FlyArystan» әуе компаниясына қатысты бұл алғашқы дау емес. Жақында ғана Алматы-Астана бағыты бойынша рейсті кешіктіргені үшін оларға 4 млн теңгеге жуық айыппұл салынған болатын. Себебі «FlyArystan» рейсті кешіктіргені үшін жолаушыларды қонақүйге орналастыруы тиіс болған. Бірақ бұл міндеттерін орындамаған. Енді осы әрекеттері үшін 3 млн 700 мың теңге айыппұл төлейді.
Самал Қабышева