Жапония банкі қазақстандық жобаларды қаржыландырмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жапония банкі қазақстандық жобаларды қаржыландырмақ

09.08.2024

Жапонияның халықаралық ынтымақтастық банкі Қазақстанның жобаларын қаржыландыруға ниетті. Бүгінде Қазақстанның даму банкімен бірлесіп, энергетика, көлік саласы, машина жасау, азық-түлік өнеркәсібі және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды $200 млн сомасына қаржыландыру бойынша келісімге қол қою жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов пен Жапондық қаржы ұйымының төрағасы Хаящи Нобумицудың кездесуінде айтылды.

Жалпы Жапония Қазақстан үшін ең ірі 10 инвестордың қатарына кіреді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 10,5 пайызға өсіп, 2,1 млрд долларға жеткен. Кездесуде тараптар барлық перспективалы бағыттар бойынша ынтымақты нығайтуға ниет білдірді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Жапонияның оңтүстігінде болған жер сілкінісіне байланысты хабарды өкінішпен қабылдадым. Ең бастысы адамдар аман болып, табиғи апат ауқымды шығындарға алып келмейді деп үміттенемін. Жапония – біздің негізгі сауда-экономикалық әрі инвестициялық серіктесіміз. Бүгінде қазақ-жапон қатынасы кеңейтілген стратегиялық әріптестік рухында дамып келеді. Қазақстан Үкіметі ынтымақтастық көкжиегін кеңейту ниетін құптайды және бірлескен жобаларды іске асыруда қажетті қолдау көрсетуге дайын.

Хаящи Нобимуцу, JBIC Жапония халықаралық ынтымақтастық банкінің төрағасы:

Сіздермен әріптестік орнатқанымызға қуаныштымыз әрі мақтан тұтамыз. Бүгінгі кездесуіміз байланысымызды одан әрі бекемдей түсуге мүмкіндік береді. Сондықтан сіздердің даму банктеріңізбен мемарандумға қол қоюға ниеттеніп отырмыз.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу