Әкесі қайтыс болған баласының ағзасын 4 адамға салуға рұқсат берген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әкесі қайтыс болған баласының ағзасын 4 адамға салуға рұқсат берген

08.08.2024

«Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін». Көлік апатынан қаза болып, 4 адамға ағзасын беріп өмір сыйлаған донордың әкесіне осындай төсбелгі табысталды. Марқұмның жақындарымен кездескен Денсаулық сақтау министрі отбасыға көңіл айтып, батыл шешімдері үшін алғысын білдірді. 

Марқұмның ағзасын беруге келісім берген осы жандар. Максимнің әкесі мен туған әпкесі. Бірақ мұндай шешім қабылдау оларға да оңай болмағанын айтады.

Евгения Юнусова, Мәйіттік донордың әпкесі:

Максим 15 шілдеде көлік апатына түсті. 9 күн бойы ес-түзсіз жансақтау бөлімінде жатты. Біз үмітімізді үзбедік. Біра беті бері қарамады. Өзіміз үш ағайынды едік. Ол үйдің кенжесі болған. Колледжде оқып жүрген еді.

18 жастағы Максимнің бес бірдей мүшесі донорлыққа алынған. Жүрегі, бауыры, екі бүйрегі және өкпесі. Бірақ, өкпесі трансплантациялауға жарамаған. Қалған 4 мүшесі төрт науқасқа жаңа өмір сыйлады. Жүрегі Шымкент қаласының 58 жастағы тұрғынына, бауыры алматылық 58 жастағы әйелге, бір бүйрегі түркістандық 40 жастағы науқасқа, екінші бүйрегі астаналық 16 жастағы балаға берілген.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Сіздердің батыл және адамгершілік әрекеттеріңіз бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Ауыр аурудан зардап шеккендерге жаңа өмір сыйлады.

Мәйіттік донорға операция Түркістандағы облыстық клиникалық ауруханада жасалды. Ота екі сағатқа созылған.

Жанболат Ділдабеков, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері:

Бас миының қайтыс болу белгілері болғандықтан, енді басқа да науқастарды құтқарып алуға мүмкіншілік бар болса, сол мүмкіншілікті пайдаланайық деп келісім берді. Әр бір азаматта тірі кезінде Egov қосымшасында өзінің донорлыққа қатысты өзінің пікірін, позициясын белгілеп бере алады.

Биыл елімізде 5 мәйіттік донор тіркелген. Олардың 19 органы трансплантацияланған. Ал былтыр 7 донордың 19 ағзасы өзге жандарға жаңа өмір сыйлаған.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу