Астанаға үш елдің Президенті келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанаға үш елдің Президенті келді

08.08.2024

Ал бүгін Астанаға үш елдің Президенті келді. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды әуежайдан ел Премьер-Министрі арнайы күтіп алды. Бүгінде екі ел тауар айналымын арттыруға ниетті. Биыл жарты жылдың өзінде өзара сауда көлемі 575 млн долларға жетті. Қазақстандық тауарлар экспорты 19 пайызға артты. Қос мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі – су қатынастары саласы. Тәжікстанда Рогун су электр станциясын салу жөніндегі энергетикалық жоба бүкіл Орталық Азия аймағының қызығушылығын арттырып отыр.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты да әуежайдан Премьер-Министр күтіп алды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 26 пайыз өскен. Осы жылдың 5 айында өзара сауда көлемі 614 млн доллардан асты. Қос ел сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, су-энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақты нығайтуға ниетті.

Сондай-ақ Астанаға Әзербайжан Президенті де келді. Бүгінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыс нығайып келеді. Өткен жылы өзара тауар айналымы 14,3 %-ға артып, 529 млн долларға жетті. Қос мемлекеттің мұнай-газ, көлік-логистика және цифрлық коммуникация салаларында ортақ жобалары бар. Сондай-ақ екіжақты ынтымақты арттыру мақсатында бірлескен тікелей инвестиция қоры құрылды. Айта өтейік Президенттер ертең елордада өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI консультативтік кездесуіне қатысады.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу