Сарапшылар: АЭС қоршаған ортаға зиян келтірмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар: АЭС қоршаған ортаға зиян келтірмейді

08.08.2024

Атом электр станциясының қоршаған ортаға тигізер зияны жоқ. Станция пайдаланатын ядролық отын қалдықсыз. Одан энергетикалық құрамдас бөлігі бар жаңа отынға шикізат алынады. Ал егер Атом электр станциясы салынса, қандай реактор қолдынылады? Қауіпсіздік талаптарына сай келе ме? Айдана Қуантхан тарқатсын.

Халықты толғандыратын мәселе – қауіпсіздік. Осы ретте еліміз сапасы жоғары 3 және 3+ буын реакторын салуды қарастырып отыр. Бұл реактор апаттың алдын алады, қандай да бір ақау болса, 72 сағат бұрын операторлардың араласуынсыз, автоматты түрде өшіріледі, дейді мамандар.Сондай-ақ, АЭС салғысы келетін компаниямен шартқа отырмас бұрын талаптарымызды да тізіп шығуымыз керек, деп отыр.

Олег Романенко, «Ядролық технологиялар қауіпсіздігінің ғылыми-техникалық орталығының» директорының орынбасары:

Менің ойымша, егер атом электр станциясы салынатын болса, оның құрылысына жауапты мекемеге нақты, жүйелі талап қоя білуіміз керек. Ал оның құрылысы аяқталған соң бірден мемлекет қатаң түрде бақылауда ұстауы тиіс. АЭС секілді ауқымы үлкен нысанды жеке меншіктің бақылауына тапсыруға болмайды.

Осы ретте Семейде қоғамдық талқылау өтті. Жиынға қатысқандар атом электр станциясының қажеттілігіне қатысты өз пікірін ортаға салды. АЭС құрылысы қауіпсіз, экологиялық жағынан таза болса экономикалық тараптан тиімді, деп ой қорытты сарапшылар.

Ерлан Батырбеков, Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры:

Атом электр станциясының құрылысы, әрине, көптеген салаларды қоса дамытатын жоғары технологиялық кезең. АЭС өзімен бірге ғылымды да алға жетелейді. Ол мамандарды даярлауда, өндірісте, өзге де салаларда айқын байқалатын болады. 

Елімізде электр қуатына деген қажеттілік артпаса, азаймай отыр. Атом электр станциясын салу сан салаға серпін береді. Сол үшін тек ғылымға сеніп, түрлі қорқыныштан арылуымыз керек,-дейді ғалымдар.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу