Екі бірдей спортшымыз жүлделі болды. Грек-рим күресінен 77 келі салмақта күрескен Демеу Жадыраев пен бокстан 80 келі салмақ дәрежесінде финалда жұдырықтасқан Нұрбек Оралбай екеуі күміс медаль жеңіп алды. Жарыстан кейін жүлдегерлерімізбен Парижде жүрген тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тілдесті.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Қос спортшымыз жүлделі болып қуанып жатқан жайымыз бар. Төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі додада көк туымыз бүгін бір емес, екі рет көкте желбіреді. Грек-рим күресінен 77 келі салмақта күрескен Демеу Жадыраев финалдп биыл Азия чемпионы атанған жапон спортшысы Нао Кусакаға жол берді. Тиісінше күміс медаль иегері атанды. Айта кету керек, Демеу Қазақстан тарихында 77 келі салмақта Олимпиада ойындарында белдескен тұңғыш балуан. Ал, бокстан 80 келі салмақта Нұрбек Оралбай финалда Әлем және Еуропа чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Олександр Хижнякпен жұдырықтасып, 2:3 есебімен жеңілді. Күміс жүлде ұтқан боксшымызбен жекпе-жектен соң тілдестік. Сұхбатты тыңдап алсақ.
Нұрбек Оралбай, бокстан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері:
Барымды салдым ұту үшін. Осыған да шүкір етеміз. Енді жақсылап дайындалып, алтынмен оралуға барымды саламын. Еңбек етемін. Рақмет қолдауларыңызға.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Осымен бокстан жарыстар аяқталды. Спорттың бұл түрінен бір күміс және бір қола жеңдік. Айта кету керек, олимпиадаға ерлер мен әйелдер құрамасын қоса алғанда 10 боксшы келді. Өкінішке қарай 8 боксшымыз елге жүлдесіз қайтты. Жарыстарды қорытындылаған бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов, шәкірттерінің аянып қалмай, барын салғанын айтты.
Мырзағали Айтжанов, Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:
Ешкім ұтыламын деп келген жоқ. Жігіттердің бәрі барын салып бокстасты, жақсы дайындықпен келді. Бір сәттілік жетіспеді деп ойлаймын. Бұйырмай тұр, бір кем-кетік бар шығар сол себепті жеңіске жетпеген шығармыз.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Айта кету керек, қазір ел қоржынында бір алтын, үш күміс және үш қола медаль бар. Жарыстар әлі жалғасады. Бүгін құзға өрмелеу, еркін күрес және замануи көпсайыс сынды спорт түрлерінен сайыстар бар. Сондықтан ел қоржыны тағы медальдармен толығады деген үміт бар.
Нұрсұлтан Тілектес