Париж Олимпиадасының жүлдегерлері елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париж Олимпиадасының жүлдегерлері елге оралды

07.08.2024

Париж Олимпиадасында ел қоржынына алғаш жүлде салып сәтті ойын бастаған Ислам Сәтбаев пен Александра Ле және спорттық гимнастикадан күміс жүлдегер Нариман Құрбанов елге жетті. Оларды әуежайдан жақындары мен жанкүйерлері ерекше ықыласпен күтіп алды. Еуропа төрінен келгендерді алғашқы болып құттықтағандар қатарында Ұлттық арнаның түсірілім тобы да бар. 

Салтанатты шараға орай оркестр, қазақ әуендерін орындаған әртістер мен ұлттық тағамдар. Тағатсыздана күткен туған-туыс, дос-жаран мен жүздеген жанкүйер.Үмітін үкілеген кішкентай спортшылар да чемпиондарды қолдауға келіпті. Бүгін Алматы әуежайы ерекше күйге бөленіп, мың бояулы мекенге айналды.

Қырдың қырағы қыранындай қос мерген Ислам Сәтбаев пен Александра Ле алғаш рет Олимпиадаға қатысып отыр. Олар дүбірлі доданың алғашқы күнінде-ақ 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында оза шауып, қола медаль жеңіп алды.
Ислам Сәтбаев, Нысана көздеуден Олимпиада ойындарының қола жүлдегері:
Кеудемізді мақтаныш кернегені рас. Себебі біз 28 жылдан кейін елімізге медаль сыйлап отырмыз. Енді 2028 жылы Америкадағы ойындарда жақсы көрсеткішке жетеміз деп мақсат қойып отырмыз.
Александра Ле, Нысана көздеуден Олимпиада ойындарының қола жүлдегері:
Біз әлем жұртына қазақстандықтардың мықты ғана емес, сұр мерген екенін дәлелдеп бергендейміз. Жүлде алып, жеңімпаз болғанымызды тек бір тәулік өткесін түсіндік. Бұл жеңістің еліміз үшін қандай қымбат екенін енді толық сезініп отырмыз.
Ал Нариман Құрбанов тамыздың 3-і күні күмісті еншіледі. Осылайша ол спорттық гимнастикадан Олимпиада ойындарында жүлде иеленген тұңғыш қазақстандық спортшы атанды.

Нариман Құрбанов, Спорттық гимнастикадан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері:
Мен бұл медальді алғаныма әлі сене алар емеспін. Ендігі межем – Олимпиададан алтын алу. Қазір спортшыларға барлық жағдай жасалған.
Жазира Оразқызы, тілші:
Еуропа төрінен келген спортшыларды жанкүйерлері, ағайын-туыстары, дос-жарандары әлі де жібермей жатыр. Естелікке фотоға түсіп, қолтаңбаларын алып жатыр. Әрине спортшыларымыз қандай құрметке, қандай қошеметке де лайықты.
Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу