Ақтөбе облысында жол апатынан бес оқушы қаза тапты. Олар Маңғыстау облысында өтетін футбол турниріне қатысуға бара жатқан. Сондай-ақ көлік жүргізушісі мен тағы екі азамат опат болды. Олардың бірі – қаза тапқан екі баланың әкесі. Полицейлердің хабарлауынша, Әйтеке би ауданының Қарашатау ауылынан шыққан «Toyota Estima» көлігі Хромтау қаласының маңында жүк көлігіне соғылған. Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша оқушылардың жарысқа баратыны туралы құзырлы мекемелерге алдын ала хабарланбаған. 2013 жылы туған балалар арасында өтуі тиіс турнир Маңғыстау облысының Ақұшқыр ауылында «Арман ауыл» жеке қорының ұйымдастыруымен осы жексенбіге жоспарланған.
Жайық Сұлтан, облыстық білім басқармасының басшысы:
Білім басқармасының, білім бөлімінің немесе спорт бөлімінің арнайы рұқсатынсыз ондай шараға қатысу үлкен қауіп төндіреді. Егер біздің ресми тізіміміздегі шара болса, міндетті түрде полицияның сүйемелдеуімен, бақылауымен ұйымдастырамыз. Сол себептен бұл жағдай сай-сүйекті сырқыратады.
Естеріңізде болса, былтыр желтоқсан айында Ақтөбеде өтетін пәндік олимпиадаға қатысу үшін Ырғыз ауданынан келе жатқан екі оқушы мен мұғалім апатқа ұшырап, қаза тапты. Ал екі жыл бұрын Темір ауданынан Ақтөбедегі волейбол жарысына бара жатқан 8 оқушы мен жаттықтырушы көлік аударылып, зардап шекті. Бір оқушы оқиға орнында көз жұмған еді.
Нұргүл Ахметова