Олимпиада жеңімпаздарының бір тобы Парижден оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада жеңімпаздарының бір тобы Парижден оралды

07.08.2024

Париж олимпиадасында ел қоржынына алғаш жүлде салып, сәтті ойын бастаған Ислам Сәтбаев пен Александра Ле және спорттық гимнастикадан күміс жүлдегер Нариман Құрбанов елге жетті. Оларды әуежайдан жақындары мен жанкүйерлері ерекше ықыласпен күтіп алды.

Еуропа төрінен келгендерді алғашқы болып құттықтағандар қатарында Ұлттық арнаның түсірілім тобы да бар. Естеріңізге салайық, Ислам Сәтбаев пен Александра Ле пневматикалық оқ атудан сайысқа түсіп, Германия құрамасын жеңді. Қос мерген де алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Бұл тарихи жеңіс деуге толық негіз бар. Себебі, аталған спорт түрінен спортшыларымыз Олимпиада ойындарында 1996 жылдан бері медаль алмаған. Нысана көздеу бойынша Париждегі байрақты бәсекеге әлемнің 82 елінен спортшылар қатысып, соның 19-ы ғана жүлде алды. Ал Нариман Құрбанов тамыздың 3-і күні күмісті еншіледі. Осылайша ол спорттық гимнастикадан Олимпиада ойындарында жүлде иеленген тұңғыш қазақстандық спортшы атанды.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу