Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі азаматтарымызға корольдіктің бірнеше қаласына бармауға кеңес берді. Ресми мәлімдемеде Ротерхэм, Болтон, Халл, Бристоль тәрізді 7 қала мен Манчестер және Ливерпульдің төңірегіндегі аудандар аталған. Ал бұл жерлерде жүрген қазақстандықтарға абай болу, адам көп орындарға бармау және елшілікпен байланыста болу қажет екені ескертілді.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі азаматтарымызға корольдіктің бірнеше қаласына бармауға кеңес берді. Ресми мәлімдемеде Ротерхэм, Болтон, Халл, Бристоль тәрізді 7 қала мен Манчестер және Ливерпульдің төңірегіндегі аудандар аталған. Ал бұл жерлерде жүрген қазақстандықтарға абай болу, адам көп орындарға бармау және елшілікпен байланыста болу қажет екені ескертілді.
Ұлыбританияда тәртіпсіздіктер өткен аптадан бері тыйылмай жатыр. Англияның Ливерпуль, Бристоль және Манчестер қаласынан бастап Солтүстік Ирландияның Белфастына дейін бей-берекетсіздік жайлаған.
Жаппай тәртіпсіздіктер бір апта бұрын Саутпорт қаласында шабуылдан 3 кішкентай қыз қаза тапқаннан кейін басталды. Марқұмдарды қасақана өлтірген жасөспірім иммигрант әрі мұсылман дінінің өкілі деген жалған ақпарат тарап кеткен. Алайда кейін күдікті Ұлыбританияның христиан дінін ұстанатын 17 жастағы азаматы мәлім болды. Алайда полиция соттың рұқсатынсыз күдіктінің атын не оған қатысты ақпаратты бірден тарата алған жоқ. Сол себепті әлеуметтік желілерде бірнеше күн бойы шындыққа жанаспайтын фейк ақпарат тарап, мигранттарға қарсы зорлық-зомбылық күшейген.
Иветт Купер, Ұлыбритания ішкі істер министрі:
Әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат тез тарап, зорлық-зомбылық белең алды. Ғаламтордағы қылмыстық әрекет те жазаланатынын ұмытпайық. Қылмыскерлер жазасын алады. Жүздеген адам ұсталды.
Жексенбіде Ротерхэм қаласында мигранттар орналасқан қонақүйге шабуыл жасалды. 500-дей адам ғимаратқа тас және жанғыш заты бар бөтелкелер лақтырған. Ливерпульде кітапханаға өрт қойылды. Ал өзге қалаларда мешіттерге, дәмханаларға шабуыл жасалып, дүкендерді тонау деректері тіркелген. Полициямен қақтығыс болып, ондаған тәртіп сақшысы жараланды. Жалпы тәртіпсіздіктер кезінде 400-ден астам адам ұсталған. Олар сот алдында жауап бере бастады. Полицияның мәлімдеуінше, қамауға алынғандардың саны әлі де артуы мүмкін. Сол себепті түрмелерде қосымша 500 орын дайындалмақ.
Кармен Холдсворд-Дельгадо, тұрғын:
Кінәсіз адамдарға қарсы зорлық-зомбылықты ақтау мүмкін емес. Менің ойымша, қайғылы оқиғаны кейбіреулер өз мақсатына пайдаланды. Бұл - өз өміріне көңілі толмайтын адамдардың әрекеті дер едім.
Тәртіпсіздіктер мен экстремизмді тоқтату үшін корольдікте полицияның «тұрақта отрядтары!» құрылмақ. Тәртіп, бақылау күшейтіледі. Кейбір саясаткерлер бұл іске армияны да жұмылдыруды ұсынып отыр. Үкімет әзірге әскерилерді тарту жоспарын жариялаған жоқ.
Арай Төлегенқызы