Астанада биатлоннан жасөспірімдер арасындағы Республикалық алғашқы жарыс мәресіне жетті. Ең үздіктері хрусталь кубоктармен марапатталды. Жүлде қоры 15 млн теңге. Grand Tour Biathlon додасына өзім барып, 11 мен 15 жас аралығындағы балалардың аяқ алысын көріп келдім.
Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:
Елімізде биыл жасөспірімдер арасында алғаш рет ұйымдастырылған Гранд тур биатлон жарысы бүгін мәресіне жетті. Қыста 4, жазда 2 кезеңнен тұратын чемпионаттың бұл жазғы және соңғы кезеңі. Астанадағы Орталық саябақта Қазақстан биатлоншыларының жаңа буыны жас шамасына орай екі топта бақ сынап, мықтыларды анықтады.
Үздіктердің үздігі анықталған шешуші кезеңге еліміздің жеті облысынан жүзге жуық бала қатысты. Балалар алғашқы күні спринтте, екінші күні жекелей сында бақ сынады. 11 мен 13 жастағы жеткіншектер нысана көздеумен қоса, 1600 метр қашықтықты бағындырды. Ал 14-15 жастағы жасөспірімдер 3 шақырым кросс жүгіріп, нысана көздесе, екінші күні кростың орнына роллер-шаңғымен 7,5 шақырымды артқа тастады.
Егор Немцев, жасөспірімдер арасындағы Grand Tour Biathlon жеңімпазы:
Биатлонмен айналысқаныма жеті жыл болды. Жеңіске жетуге әжем мен анам ынталандырады. Отбасым мені қатты қолдайды. Әлем чемпионатында өнер көрсетіп, жеңімпаз атанғанымды қалайды.
Егор Немцев - жасөспірімдер арасындағы алғашқы Республика кубогы жеңімпаздарының бірі. Әлемдік биатлон жұлдыздарындай сары жейде киген төрт чемпионның екеуі қыздар - Ксения Рашкевич пен Варвара Небогатова.
Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:
11 мен 13 жастағы жеткіншектер арасында алты кезеңнің қорытындысы бойынша Арын Тәжібаев жеңіске жетті. 12 жастағы спортшымыз Батыс Қазақстан облысының намысын қорғады.
Әлібек Сәрсенбаев, БҚО биатлон федерациясының басшысы:
Былтыр біз әдейі жазғы биатлонға трассаны салдық. Спонсорлар бізді қолдап, біздің облысымызда бұрын болмаған нәрсе. Енді біздің балаларымыз, қазір оншақты бала биатлонмен айналысады.
Кіші топта өнер көрсеткен спортшылар облыстар бойынша 15 млн теңгелік жүлде қорын өзара сарапқа салды. Ал 14-15 жастағы жасөспірімдерді өзге жүлде күтіп тұр.
Манас Үсенов, Қазақстан биатлоншылар одағының бас хатшысы:
Ең үздік спортшыларды - алты ұл алты қызды біз Щучинск қаласына апарамыз. Тамыз айының ортасында 8-18 арасында Щучинск қаласында халықаралық спорттық балаларға арналған лагерь өткіземіз. Спорттық психологияны балаларға түсіндіреміз. Қалай лидер болу керек, медикеңістікте өзін қалай ұстау керек. Өйткені әрбір спортшы, егер кәсіби деңгейдегі спортшы болып өссе, ол дегеніміз - жеке бренд.
Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:
Осы сайыстың аясында Астанадағы Орталық саябақта 9-11 жастағы балалар үшін биатлоннан тегін секция ашылғанын айта кетейік.
Қаракөз Тұрмағанбет