«Қазақстан халқына» қоры 850 оқу грантын бөлді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан халқына» қоры 850 оқу грантын бөлді

06.08.2024

«Қазақстан халқына» қоры мемлекеттік гранттан құр қалған түлектерге 850 тегін оқу жолдамасын бөлді. Бұл - бакалавриат бағдарламалары бойынша 1 миллион теңгеге дейінгі оқу құнын өтейді. Бұған қоса тамақтандыру, тұру және оқу әдебиетін сатып алу шығындарын ішінара жабу үшін, жылына 10 айға 40 мың теңге стипендия төленеді.

Өтініш берушілерді таңдау критерийлері де бекітілді. Гранттар ауылдық жердегі және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардың балаларына және жетім немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге беріледі. Сонымен қатар мүгедектігі бар балалар мен 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған ел азаматтарының балалары құжат тапсыра алады. Үміткерлердің жасы 29-дан аспауы тиіс. Білім беру гранты жеке болып есептеледі және аккредиттелген университеттерде күндізгі бөлімде оқу үшін бір рет беріледі. Грантты екінші дәрежелі немесе онлайн білім алу үшін пайдалануға болмайды. Критерийлерге сай болсаңыз және өтініш бергіңіз келсе, ЖОО қабылдау комиссияларына хабарласыңыз. Өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі - 17 тамыз.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу