Павлодарда бәйгеден V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу өтті. Жарысқа еліміздің әр аймағында ұйымдастырылған «Ұлы дала ойындары» фестивалінде топ жарған 70-тен аса сәйгүлік қатысты.
Жарысқа еліміздің жеті өңірі яғни, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Абай, Астана, Алматы, Маңғыстау ат қосты. Сәйгүліктер 4 қашықтық бойынша сыналды. Құнан бәйге, топ бәйге, аламан және жорға жарыс. Үздіксіз жауған жауынның өзі шын жүйріктерге бөгет бола алмады.
Дархан Жоламанов, бәйгені ұйымдастырушы:
Көшпенділер ойынында Қазақстанның, еліміздің намысын қорғайтын болады. Бабы мен үйін көріп отырсыздар. Өз ойым Ұлы дала көшпенділер сайысында жүлделі орынға немесе алдыңғы қатардан келеді.
Аламан мен құнан жарыста Павлодар облысының аттары оқ бойы алда келді. Ал сауырына құйған су төгілмейтін, төрт аяғымен бірдей тайпалған су жорғаны Абай облысы әкелген екен. Алдына қара салмады. Ал топ бәйгеде Маңғыстаудың Ғасыр атты сәйгүлігі топ жарды.
Әлекей Бөлтеков, Маңғыстау облысының ұлттық спорт түрлерінен аға жаттықтырушысы:
Әрине, шабандоздың да, бапкердің де бағы жанды. Маңғыстаудың атынан жеті ат әкелгенбіз. Құнаннан біреуі 5-ші орын алды. Топ бәйгеге бір ат қосқанбыз. 1-ші орын алып тұр. Өте қуаныштымыз. Дүбірлі дода көшпенділер ойынында кездескенше деймін.
Бәйгеден V Дүниежұзілік көшпенділер ойынына іріктеудің екінші кезеңі 11-ші тамызда Алматы қаласында өтеді. Ұлы додаға тек қана 1-ші орын алған сәйгүліктер қатыстырылады.
Дайона Макфадзина, бапкер: /БАӘ/
Оза шауып келген жылқылардың қалайша тыныстағанына қарап таң қалдым. Бүйірін соғып, ентіккені аса байқалмайды. Демек жарауы жақсы. Ал шабандоз балалардың төзімділігі тіпті керемет. Жауынды елемей, аттың бабына қарап отырады екен. Қамшылап немесе тебіне бермей-ақ тақыммен ғана сәйгүлікке белгі болып отырады.
Бұл енді ата-бабаларымыздан қалыптасқан дағды. Тақымы темір, білегі мықты шабандоздар мен шашасына шаң жұқтырмас шын жүйріктер шығандап шығар уақыт жақын. V Дүниежұзілік көшпенділер ойыны қыркүйектің 8-і мен 13-і аралығында Астана қаласында өтеді.
Болат Аманбаев