Бүгін Алматы әуежайында – ерекше атмосфера. Олимпиада чемпиондарын қалың жұрт зор ықылас, қошемет-құрметпен қарсы алуға әзір. Әр минут санаулы.
Міне, көпшілік тағатсыздана күткен сәт. Елдостың өзі бұл күнді ұзақ күткендей. Жүзінде қуанышпен қатар толқу да бар. Ал әуежайдағы көңіл-күй мен толқуды сөзбен айтып жеткізу тіпті мүмкін емес еді. Ата-анасы да толқулы.
Бақтыбай Сметов, Елдос Сметовтің әкесі:
Бұлар спорт залдан шыққан жоқ. Жемісін жеді деген осы шығар. Ерінбегеннің арқасы, дайындық пен бапкерлерінің, елі мен халқының арқасы, елімізді әлемге танытып жатыр.
Тоқтагүл Сметова, Елдос Сметовтің анасы:
Алғаш барған кезден өзінің арманы сол болатын. Кішкентайынан блокнотқа жазатын. Мен әлемді бағындыратын чемпион боламын деді.
Сертінде тұрған жігіт сұлтанын құшағына қысып, ақ тілегін ақтарғысы келген қалың жұрттың қарасы көп. Бір көзбен шолып шыққанда адам саны бірнеше жүзге барады.
Нұрлан Сүлейменов, Дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері:
Елдос профессионал ғой. Кәсіпқой, өз-өзін жарыстарда көрді, жетіспей жатқан жерлерін жеткізіп, толтырып, Олимпиадаға тыңғылықты барды деп айтсам болады.
Ғұсманның жанкүйерлері бір төбе. 10 жылға жуық бел жазбай күрескен балуанның спорттағы әр сәтін қалт жібермейтін қолдаушылары әуежайға ат арытып келген. Аңқылдақ жұрт ақ батасын жаудырып, темір тұлпар мінгізді.
Ғұсман Қырғызбаев, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері:
Керемет күтіп алып жатыр. Өте қуанышытымын. Орын алған кезде білінбеп еді. Аэропортқа қонған кезде сезіліп жатыр. Қола медальдің өзі қазақ елі үшін мақтаныш екен.
Туған елге жүлдемен оралған Ғұсманды дос-жарандары мойнына көтеріп, табанын жерге тигізбеді.
Ғұмар Қырғызбаев, Ғұсман Қырғызбаевтың бауыры:
Орын алған күннен бастап әлі ұйықтаған жоқпыз. Бүкіл әулет, дос-жаранның бәрі осында. Өте керемет көңіл-күйдеміз. Медальдар үзілмесін артынан, жол ашып берді.
Осылайша төртжылдықты түйіндер додада бағы мен бабы келіскен үздіктерімізді Алатау жұрты құшақ жая қарсы алды. Бапкерлердің сөзінше, ел намысын бәрінен биік қойған қос балуанның тарихи жеңісі ізін басқан талай спорт саңлағына сенім мен рух берді.
Айдана Қуантхан