Мәскеуде Астананың мәдениет күндері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде Астананың мәдениет күндері өтті

05.08.2024

Келер жылы Астана мен Мәскеудің арасындағы бауырластық туралы келісімге 25 жыл толады. Осыған орай Ресей астанасында елорданың мәдениет күндері өтті. Шарада ұлттық фольклорлық мюзикл, музыкалық драма ұсынылып, «Астана - менің махаббатым» атты фотокөрме де ұйымдастырылды. Сондай-ақ мәдени ынтымақтастық бойынша дөңгелек үстел және екі астананың туристік бизнес өкілдерінің кездесуі өтті.

Мәдениет күндерінің шымылдығын «Қыз Жібек» этнофольклорлық мюзиклі ашты. Астана әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының әртістері өнерімен көрерменді тәнті етті. Ал орыс тілді аудитория алдында қазақ тілінде сахналанған «ГауҺартас» музыкалық драмасы көптің көңілінен шықты.

Ольга Маслова, Мәскеу қаласының тұрғыны:

Керемет өтті, тіпті толқып тұрмыз. Бір орында отыра алмадық. Қазақтың ұлттық киімі, өнеріне тәнті болдық. Қазақтың өнеріне бұрыннан қызығамыз.

Екі күндік бағдарламада ауқымды мәдени шаралар өтті. 160-тан астам мәдениет саласының өкілі келді. Олардың қатарында мәдени ұжым мен театрлар бар. Маңызы мол шара рухани байланысты бекітіп, достық пен одақтастықты нығайта түспек.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:

Қазақстан мен Ресей арасындағы көпір, ынтымақтастығы - бұл екі елдің жақсы іргетасы деп айтуға болады. Екінші жағынан біз өз мәдениетімізді, өз салт-дәстүрімізді Мәскеу төріне келіп, паш еттік. Ол да өте орынды деп ойлаймын. Бұл біздің өнерімізді, байлығымызды көрсететін іс-шара. Сондықтан біз бұны міндетті түрде жалғастырамыз.

Ерлан Каналимов, Астана қаласы мәслихатының хатшысы:

Мәскеу үкіметімен бірлесіп, біз дөңгелек үстел өткіздік кеше ғана. Ол саланы дамыту, оған мән беру бізге өте маңызды. Өйткені Ұлттық құрылтайымыздың отырысында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тапсырма берген болатын, осы саланы дамыту бойынша.

Мәдениет күндері гала-концертпен аяқталды. Еліміздің өнер жұлдыздары ән мен күй, жыр мен биден шашу шашты. Мәскеуліктер алдында Нұржамал Үсенбаева, Сүндет Байғожин, Роза Рымбаева сияқты қазақтың әлемге танымал жұлдыздары өнер көрсетті.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу