Астанада Шахматтан Әлем чемпионаты өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Шахматтан Әлем чемпионаты өтіп жатыр

02.08.2024

Бүгін Астанада шахмат жұлдыздары жауған күн. Магнус Карлсен мен Хоу Ифань есімді шахматтан әлемнің бірнеше дүркін чемпиондары қазақ жерінде өнер көрсетіп жатыр. Бұл екеуі ерлер мен әйелдер рейтингінде бірінші орында тұрған ойыншылар. Тартысты сайыста қазіргі Әлем чемпиондары Цзюй Вэньцзюнь мен Дин Лижэнь де шеберлігін паш етіп жатыр. Рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионаты QazExpo конгресс орталығында ұйымдастырылған. Жоғары деңгейдегі жарысқа барлығы 39 команда қатысып жатыр. Ал жалпы ойыншылар саны - 315 адам. Турнирдің жүлде қоры - 350 мың еуро. Матчтар жекелеген ойыншылар емес, командалар арасында өтеді. Рапид бойынша сайыс қорытындысы тамыздың 4-де, ал блиц бойынша тамыздың 6-сы күні мәлім болады. Мұндай ауқымды турнир өткізудегі мақсат - Қазақстанда шахмат мәдениетін дамыту, - дейді ұйымдастырушылар.

Тимур Турлов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті:

ФИДЕ-нің бізге осы чемпионатты өткізуге рұқсат беріп, сенім артқаны - біз үшін үлкен жетістік. Қазақ жерінде өтіп жатқан жарыс болғандықтан қатысушылардың 40 пайызы - өзіміздің ойыншылар. Аты аңызға айналған шахмат ойыншыларымен тақтада тартысудың өзі бір ғанибет болары сөзсіз. Жарыстың тағы бір ерекшелігі команда құрамында бір әйел мен бір әуесқой ойыншы болуы міндетті. Яғни бұл - кім-кімнің де өз мүмкіндігін паш етуге арналған бірден-бір ойын алаңы.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу