Павлодар облысында аудандарды дамыту үшін 7,7 млрд теңге трансферттік бонус бөлінген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Павлодар облысында аудандарды дамыту үшін 7,7 млрд теңге трансферттік бонус бөлінген

Павлодар облысында аудандарды дамыту үшін 7,7 млрд теңге трансферттік бонус бөлінген

Биылдан бастап Павлодар облысындағы аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығы берілді. Сөз жүзінде ғана емес, аудан тұрғындарының санына қарай негізгі бюджетке 7,7 млрд теңге көлемінде қосымша трансферттік бонус бөлінген. Бұл елді мекендердегі көптен бері қордаланып қалған мәселелерді халықпен кеңесе отырып жедел шешуге жұмсалатын қаржы. Пилоттық жоба қазірдің өзінде ауылдардың дамуына үлкен серпіліс бергені байқалады.

Шарбақты ауданында Арбаиген деген ауыл бар. Түтін саны 70-тен сәл асады. Соңғы 30 жылда бюджеттен көк тиын қаржы көрмепті. Осы ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтардың қамқорлығының арқасында ғана ел көшпеген. Ал биыл жағдай күрт өзгерді. Ауылдың беріс жолы, мектеп, мәдениет үйі, кітапхана жөнделіп, шағын футбол алаңы салынды. Стационарлық бөлімі бар медициналық пункт салынып жатыр. Тұрғындар түс көргендей жағдайдамыз дейді.

Мәдина Есжанова, Арбаиген ауылының тұрғыны:

Ауылымызда енді барлық әлеуметтік нысан бар. Халық көшіп осы ауылымызға тұрғындар келіп жатыр. Биылғы жылы үш отбасы көшіп келді. Мектебіміз жабылып қалады деген үрей болған. Енді балалар да бізге қосылып мектебімізде бала санының көбейюіне жағдай жасалып жатыр.

Дәурен Нұрсейітов осы Арбаигеннен басқа тағы сегіз елді мекенді біріктірген округтің әкімі. Қаржы құйылып, жұмыс көбейді. Ауылға ажар кіре бастағаның көрген тұрғындар бұрынғыдай селсоқ емес. Маған көмекші болып жүр дейді.

Дәурен Нұрсейітов, Галкино ауылдық округінің әкімі:

4 ауылда 9 құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Соның ішінде көбінесе әлеуметтік нысандар. Кішкентай шағын ауылдарда осындай үлкен құрылыстар жүрген кезде осында тұрып жатқан тұрғындардың да көңіл-күйлері жақсы. Бұл жақтарда асфальт деген, тас жолдар деген болған жоқ. Қазір міне тас жолда келді. Бұрын бұндай нәрселерге сенбейтін адамдар.

19 мың халқы бар Шарбақтыға 500 млн. теңге трансферттік бонус берілген. Былтыр аудан бойынша 18 жоба ғана іске асырылса, биыл 50 бағыт бойынша жұмыс істелініп жатыр.

Сержан Иманқұлов, Шарбақты ауданының әкімі:

Осы бонустық трансферт аясында 18 жобаны жүзеге асырудамыз. Бұл төрт ауылда шағын футбол алаңдарын салдық. Үш ауылда ауылішілік жолдар істелді. Бүгінгі күні аяқталған. Сонымен қатар жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Электр желілері ауыстырылды. Өте үлкен көмек.

Трансферттік түсім тұрғындардың талап-тілегіне орай жергілікті қауымдастық және қоғамдық кеңес мүшелерінің келісімімен ғана жұмсалады. Яғни халық көріп, біліп, машақатын тартып отырған мәселелерді шешеді.

Қалимаш Айтқұлова, Аудандық аналар кеңесінің мүшесі:

Ауылдан ешкім де көшпейтін сияқты. Шарбақтының өз басынан көшеді деп әрине ойламаймын. Өйткені, жұмыс бар. Жұмыс істеймін деген адамдарға жұмыс бар.

Трансферттік бонус арқылы инфрақұрылым, әлеуметтік саланы дамыту, елді мекендерді көркейту, кәсіпкерліке қолдау, кедейшілікпен күрес сынды ауылдық жерлерге тән мәселелерді кешенді түрде шешуге болады екен. Демек бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу тиімділігі орасан.

Болат Аманбаев


Бөлісу