Су тасқыны кезінде зардап шеккен Атырау облысы Құлсары қаласының тұрғындары үшін салынып жатқан үйлердің құрылысы 72%-ға аяқталған. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Олжас Бектеновке облыс әкімі Серік Шәпкенов айтты. Баспаналарды қыркүйек айында тапсыру жоспарланып отыр. Қазір салынып жатқан 96 нысанның іргетасы қаланып, 78 үйдің қабырғасы тұрғызылған. Отыз төрт үйдің төбесін жабу жұмыстары басталған. Сонымен бірге «Болашақ» жаңа шағын ауданында 2 мың орындық Binom мектебі мен 300 орынды балабақша салыну жоспарланып отыр. Сонымен қатар Құлсарыда су тасқыны кезінде бүлінген автожолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкімет басшысы төтенше жағдайдың салдарын жою және барлық зардап шеккен адамның баспана мәселесін шешу Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін қадап айтты. Жұмысты тездетіп, мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
Олжас Бектенов «KPI» полипропилен өндіру зауытында болды. Интеграцияланған газ химиясы кешені – Теңіз кен орнынан шикізатты қайта өңдеу бойынша қуаты жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайтын еліміздегі алғашқы жоба. Үкімет басшысына кәсіпорын іске қосылған сәттен бастап елімізде полипропилен құны тұрақты түрде – зауыт жұмысының бастапқы кезеңіндегі тоннасына 650 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін төмендегенін айтты. Маркет Репорт мәліметіне сәйкес, бұл Ресеймен салыстырғанда ең төменгі сома. Көрші елде баға тоннасына 1 280 доллар жетеді, Беларусьте –1 295 доллар, Өзбекстанда –1 090 доллар. Зауыттың негізгі міндеті – ішкі қажеттілікті қамту. Қазақстандық кәсіпорын өндіріс қуаты жөнінен Өзбекстан өндірісінен 5 есе, Түркиядан – 3,5 есе , Түрікменстаннан – 3 есе, Әзербайжаннан – 2,7 есе алда.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Ішкі нарыққа өнімді төменгі бағамен өткізуді қамтамасыз етуге ұмтылуымыз керек. Біздің басты міндетіміз – отандық өндірушілерді қолдау. Сіздердің өнімдеріңіз арқылы шағын және орта кәсіпорындардың одан әрі дамуы маңызды. Сондықтан дайын өнімді бірінші кезекте ішкі нарыққа жөнелту керек, қолда бар артығы экспортқа жіберілуі тиіс. Бұл саясатты қатаң жүргізу қажет, себебі KPI кәсіпорны ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады.
Бұдан бөлек Үкімет басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытының қазіргі жағдайымен және дамыту жоспарымен танысты. Жартыжылдық қорытындысы бойынша мұнай өндіру 1,6%-ға төмендеген. Дегенмен Премьер-Министрдің айтуынша, экономиканың басқа салаларында өсім бар. Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім сақталып отыр, деді. Алты айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 5,1% құраған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6%-ға, көлік және қоймалау – 7,3%-ға, ақпарат пен байланыс 8,7%-ға артқан. Олжас Бектенов ел экономикасы шикізатқа тәуелділіктен арыла отырып, өңдеу өнеркәсібіне басымдық бере отырып дамуы тиіс екенін айтты.