Қазақстан Конго Республикасында өзінің елшісін тағайындайды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Конго Республикасының президенті Дени Сассу-Нгессо-мен келіссөз барысында мәлімдеді. Тараптар ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен өндірісі салаларында бірқатар маңызды жобаны бірлесе жүзеге асыруды көздейді. Мемлекет басшылары қандай мәмілеге қол қойды? Айя Мүтәлінің материалында.
Айя Мүтәлі, тілші:
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Конго Республикасының президенті осымен екінші рет кездесіп отыр. Бұған дейін мемлекет басшылары Дубайда өткен Дүниежүзілік климат жөніндегі саммитте жүздескен. Ал бұл сапардың басты мақсаты – екі ел арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру.
Дени Сассу-Нгессо – Конго Республикасының 7-ші президенті. Мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өзі қарсы алды. Мемлекет басшылары алдымен бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Артынша Құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің Әнұрандары орындалды.
Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа биыл – 25 жыл. Дегенмен қос мемлекеттің де бір-біріне жіберген нақты елшісі жоқ. Қазақстанның Эфиопиядағы елшілігі Конгоны да қамтиды. Бүгінгі келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда жаңа елшілік ашылатынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық екі ел арасындағы ынтымаққа тың серпін береді деп сенемін. Біз бұған дәлел ретінде Конгодағы Елшімізді тағайындаймыз.
Дени Сассу-Нгессо, Конго Республикасының Президенті:
Сіздің бұл шешіміңіз Қазақстан мен Конго арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуға деген ұмтылысыңызды анық көрсетеді. Біз жүзеге асыруға келіскен жобалар бойынша екі ел үкіметтері бірқатар келісім әзірледі. Мұның екі елге де пайдалы болары сөзсіз.
Тараптар 10 құжатқа қол қойды. Оның ішінде цифрлық технологиялар, тау-кен өндірісі, мұнай-газ және энергетика салаларындағы келісімдер бар. Конго Республикасының президенті Астана халықаралық қаржы орталығы мен «Самырұқ» әл-ауқат қоры қызметіне қызығып отыр. Әрі өз елінде Қазақстандағыдай ұлттық қор ашуға ниетті.
Ренат Бектұров, Астана қаржы орталығының басқарушысы:
Осы Конгода Браззавиль қаласында арнайы халықаралық қаржы орталығының біз орталыққа ұқсатып құру мәселесі. «Самұрық-Қазына» қоры, ұлттық қоры сияқты өздері де мұнай, басқа да шикізат көздері бар ел болғандықтан, осындай қорды құрсақ деп отыр. Осы бойынша бізге консультативті көмек көрсетсеңіздер деді.
Конго – негізінен қазба байлықтары жетерлік мемлекет. Африка елдері арасында мұнай өндіру бойынша алтыншы орында тұр. OPEC-тің толыққанды мүшесі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше бүгінде екі елдің де фосфат, темір секілді сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау мен игеруге әлеуеті жетеді. Сондықтан Қазақстан кәсіпкерлері Конгоның тау-кен саласын зерттеуге дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Конго Республикасы – Орталық Африка аймағының қақпасы, ал Пуэнт-Нуар порты – осы қақпаның кілті. Бұл теңіз айлағының мүмкіндіктері өте жоғары. Қазақстан осы порттың әлеуетін пайдалануға мүдделі.
Бүгінде еліміз Африка елдеріне дәнді дақылдарды молынан экспорттауға әзір.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Ол азық-түлік өнімдері, бидай, кондитерлік тауар, екіншіден біздің индустриялдық өнімдер, металл бұйымдар. Сапар барысында біз бірқатар эспорттық тізімді талқылайтын боламыз.
Қос ел қорғаныс секторында ынтымақтасуға дайын. Дени Сассу-Нгессо сапар аясында сауытты машина жасайтын отандық зауытты аралайды.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Бұл — барынша алдыңғы қатарлы өндіріс ошағы. Әрине, біз әскери-өнеркәсіп кешені мен қорғаныс секторындағы кооперацияны үнемі қолдаймыз. Сондықтан да осы мақсатта аталған кәсіпорынды және Қазақстанның әскери-өнеркәсіп кешені жұмысындағы мүмкіндіктерін көрсетеміз.
Енді Қазақстан мен Конгоға дипломатиялық мақсатта қатынайтындар үшін виза қажет мес. Бұл да бүгінгі келіссөздің нәтижесі. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев Конго жастарына еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуды ұсынды. Әрі Президент келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына Конго Республикасының басшылығы мен кәсіпкерлерін келуге шақырды. Өз кезегінде Дени Сассу-Нгессо Қасым-Жомарт Тоқаевты Конго Республикасының астанасы Браззавильге сапармен келуге шақырды.
Айя Мүтәлі