V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының билеттері 5 тамызда сатылымға шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының билеттері 5 тамызда сатылымға шығады

31.07.2024

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 39 күн қалды. Ал жарыстар өтетін 7 нысанның үшеуі жабық. Онда әлі күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Асылбек Данияр, тілші:
V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты осы «Астана Арена» стадионында өтеді. Қазір құрылыс қарынды. Нысанның сыртында абаттандыру, ішінде әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Шараны 16 мыңдай адам тамашалай алады. Ал, билеттер 5 тамызда сатылымға шығады.

Қалалық құрылыс басқармасы басшысы орынбасары «Астана Аренаны» уақытылы тапсырамыз, дейді. Айтуынша стадионындағы жұмыстар 10 тамызға дейін аяқталады. Нысанды 20 тамызда тапсыру көзделген. Жалпы құрылысқа, айналаны абаттандыруға 500 адам, 60 техника жұмылдырылған.

Нұрдәулет Құрбанбекұлы, Қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Жұмыстар 80-90 пайызға аяқталып қалды. Өздеріңіз көріп тұрғандай абаттандыру жұмыстары 95-85 пайызға жақындап қалды. Алдыңғы жағында яғни Тұран даңғылы жағында жұмыстар жүріп жатыр. Ол жұмыс 4-5 күн көлемінде толық аяқталады. Сосын әрлеу жұмыстары да 95-85 пайызға жақындап қалды.

Дүбірлі доданың ашылу салтанаты 8 қыркүйекте өтеді. Билет құны 15 000 теңгеден 50 000 теңгеге дейін болады. Көрермендердің жекелеген санаттары үшін жеңілдіктер қарастырылған, -  дейді ұйымдастырушылар.

Спорттың алты түрінен жарыс өтетін «Алау» мұз айдыны сарайында да жөндеу жұмыстары жақын күндері аяқталмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорт кешеніндегі сайыстарды 6 мыңдай көрермен тамашалай алады. Ол үшін арнайы модульдік мінбер орнатылмақ.

Айбек Сапарқұл, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекцияның бөлім басшысы:

 Қазіргі таңда «Алау» мұз айдыны сарайындағы билеттер сатылып жатыр. Билеттердің бағасы 700-1000 теңгеден басталып, 3000-4000 теңге болып сатылымға шықты.

Көшпенділер ойындарын өткізу үшін 7 спортың инфрақұрылым таңдалып алынған. Олар: «Арғымақ» ат сауықтыру спорт кешені, «Қазанат» ат шабары, Этно ауыл, «Алау» мұзайдыны сарайы, «Астана Арена» стадионы, «Ж.Үшкемпіров» атындағы жекпе-жек сарайы, «Думан» қонақ үй кешені.

Шара спорттың 21 түрінен өткізіледі. 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 90 ел қатысуға ниет білдірді. Шамамен 2000-дай спортшы келуі күтіліп отыр. Олардың ішінде Бруней-Даруссалам,

Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан Республикасы, Гамбия сынды елдер бірінші рет қатыспақ. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтеді.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу