«ХАМАС» басшысы қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ХАМАС» басшысы қаза тапты

31.07.2024

Бүгін таңертең Тегеранда Израильдің шабуылынан палестиналық «Хамас» қозғалысының басшысы Исмаил Хания қаза тапты. Мұны хамастықтардың ресми өкілі хабарлады. 62 жастағы Хания Иран жетекшілерімен кездесіп, жаңа президент Масуд Пезешкианның ант беру рәсіміне қатысқан. Ол Тегерандағы резиденциясына жасалған шабуылдан кейін мерт болған. Оқиғаға байланысты Израиль түсініктеме берген жоқ.

Айта кетсек Ханияның қазасынан бірнеше сағат бұрын Израиль Ливан астанасы Бейруттегі бір ғимаратқа соққы берді. Одан Иранмен одақтас «Хезболланың» командирі Фуад Шүкри мерт болған. Ал шілденің 27-де Израиль оккупациясындағы друздар ауылына зымыран түскенде 12 бала жантәсілім еткен. Ресми Тель-Авивке сенсек, ракетаны «Хезболла» атты. Шииттік топ болса, бұны жоққа шығарып отыр. Екі жақ арасындағы тайталас жаңа соғысқа ұласады деген қауіп бар.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу