Жарты жылда 18 бала терезеден құлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жарты жылда 18 бала терезеден құлады

31.07.2024

Қарағанды облысы Теміртау қаласында 6 жасар бала 6-қабаттың терезесінен құлап қаза тапты. Үйде әкесі мен әжесі сол сәтте басқа бөлмеде болған. Аймақта биыл 7 айдың ішінде осыған ұқсас 20-ға жуық жағдай тіркелсе, соның ішінде 3 отбасы балаларынан айырылды. Мұндай оқиғалар үшін ата-аналар заң алдында жауапты болады, - дейді мамандар. Тілшіміз Жандос Бақытұлы анықтап көрді.

Қарағанды облысында жыл сайын шамамен 20-дан астам бала терезеден құлап, төрт жағдайдың бірі қайғымен аяқталады. Былтырдың өзінде 25 бала жазатайым жағдайға тап болса, биыл 7 айда 18 бала құлап, 3-еуі қаза тапты. Ең кішісі не бәрі 2 жаста.

Нұржан Жақатаев, облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы:

Департамент қызметкерлерімен бірге алдын алу шаралары жүргізіліп отырады. Ата-ананың қауіпсіздік мәселесіне байланысты қазіргі кезде әр түрлі алдын алу шараларын ұйымдастыруға болады. Барық терезеге емес, арнайы сетка орнатылған жерге қойса болады.

Терезеге қауіпсіздік құрылғыларын орнататын мамандардың көмегіне жүгінетіндер аз екен. Тұрғындар қайғылы жағдайға тап болғаннан кейін, қолын мезгілінен кеш сермеп жатады, - дейді мамандар.

Ал ең арзаны 2 мың теңге. Орнату да аса қиын шаруа емес. Сондықтан бала өміріне салғырт қарауға болмайды. Мұндай жағдайда ата-аналар заң алдында жауап береді. Әкімшілік тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Өмір Нұғыманов, заңгер:

Әкімшілік кодекстің 127 бабы бойынша, қылмыстық кодекстің 141 бабы бойынша ата- аналар жауапты болады. Өзінің кәмелет жасқа толмаған балаларын қараусыз қалдырғаны үшін олардың өміріне қауіп төндіргені үшін тікелей жауапты деп есептеймін.

Жақында Атырауда 2 жасар бала жедел сатыда қамалып қалған. Тәртіп сақшылары лифт есігін күшпен ашып, дер кезінде көмек көрсетті. Осыған ұқсас жағдайлар елімізде жиі кездеседі, сондықтан мамандар бала өміріне аса жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Жандос Бақытұлы


Хабарламаларға жазылу