Таразда ер адам әйелінің үстіне бензин құйып, оны үйімен бірге өртеп жіберген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда ер адам әйелінің үстіне бензин құйып, оны үйімен бірге өртеп жіберген

31.07.2024

Тараз қаласында ер адам әйелінің үстіне бензин құйып, оны үйімен бірге өртеп жіберген. Жантүршігерлік жағдай кеше кешкі 11-лер шамасында болған. Өкінішке қарай денесін түгел күйік шалған әйел ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, таң ата көз жұмды. Ал айыбын кеш түсінген күдікті артынша өз-өзіне қол салған. Өрт кезінде үйде балалар да болған. Олардың жағдайы қалай? Раушан Сайлауқызының материалы.

Оқиға Тараздағы Наркескен көшесіндегі мына үйде болған. Әйелімен ерегіскен ер азамат оған жанармай шашып, артынша үйімен қоса өртеп жіберген.

Ділдә Сыдыманова, көрші:

Жедел жәрдемнің дауысынан барып қарадық. Өрттің жалыны қатты шығып кеткен екен. Түгел жанып жатты. Екеуіде еңбекқор, еңбегімен осы үйді салған. Жақында ғана шатырын тұрғызған. Пендеміз ғой. Қарапайым отбасы.

Көршілерінің айтуынша жолдасы құрылыста жұмыс істеген. Әйелі бала күтімімен үйде отырған. Қазір шаңырағы ортасына түскен баспананың айналасы қоршалып тұр. Дүние-мүліктің сау тамтығы қалмаған.

Алмас Жұматаев, Жамбыл облысы ТЖД басқарма бастығы:

Алдын ала себеп бойынша - қасақана өртеу. Материалдар жинақталып, полиция бөліміне жолданды. Қазіргі уақытта өрт техникалық экспертиза тағайындалды.

Абырой болғанда көршілері балаларын қызыл жалынның құрсауынан құтқарып қалған. Күйеуінен қорлық көрген 44 жастағы әйел ауруханаға жедел жеткізілгенімен, денесін түгел күйік шалған. Салдарынан науқас бүгін таң ата ауруханада көз жұмды. Алты бірдей бала жетім қалды. Үйдің үлкені 22-де болса, кішісі небәрі үште.

Сәкен Жұмашев, қалалық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Бүкіл денесі 100 пайыз күйік шалған. Жансақтау бөліміне түсті. Өте ауыр халде. Медициналық көмек көрсеткенімен науқасымыз қайтыс болды.

Ал өз ошағын отқа орап, қастандық жасаған 54 жастағы азамат бұрын сотталған болып шықты.

Құндыз Бөгенбаева, облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:

Күдіктінің оқиға орнына жақын маңнан мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша өз-өзіне қол жұмсаған. Аталған дерекке қатысты сараптамалар тағайындалды.

Елімізде заң күшейгенімен, тұрмыстық-зорлық оқиғалары азаяр емес. Өткен айдың өзінде 575 құқық бұзушылық тіркелген. Оның 88-іне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу