Мал азығын жылыжайда 7 күнде өсіруге болады
Оқушылар дронмен дән себуді ұсынса, студенттер мал азығын 7 күнде өсіруге болатынын айтады. Ия, ел естімеген стартап жобалардың бұл бір парасы ғана. Елордада жасыл технологиялар тақырыбына арналған семинар өтіп жатыр. Жиын қарсаңында дәл осындай 30-дан астам автор шетелдік сарапшылардан тәлім алып, тәжірибесін жетілдірді.
Бұл-Мағжан Ысқақов жоба иесі, жас та болса бас болып мал азығы мәселесін шешкісі келеді. Жемді қолдан өсіреді. Жобаның шығыны аз, өнімі көп.
Мағжан Ысқақов, «Kazgidrobiokorm» жобасының авторы:
Сусыз топырақсыз, дайын арнайы қалыптың ішінде өсіріледі. Мына жерден көргендеріңіздей, 1кг-нан 7кг жем алуға болады.
Ал Асхат Алпысбаевтің командасы дронмен дән сеуіп, жазық даланы көгалдандырмақ. Құрылғымен бұған дейін қызылша, бұршақ дақылдарын егіп көрген. Тәжірибе көңілден шыққан.
Асхат Алпысбаев, «Tabqortech» жобасының мүшесі:
Өңірімізде орман өртеніп, табиғи апат болған белгілі. Біздің мақсатымыз - дронмен ағаш егіп, елімізді көгалдандыру. Дрон басқару тетігі арқылы белгіленген орындарға арнайы минералдар мен дән сеуіп шығады.
Пластиктерден жиһаз жасау, дронмен мал бағу, сапалы жөргектер, қоқысты сұрыптайтын ақылды жәшік тағысын-тағы. Қызықты жобалар өте көп. Бірақ білімді бизнеске айналдыру оңай шаруа емес. Осы орайда тренинг тәлімгерлері жол көрсетеді. Жобаларын жетілдіріп, бизнес үлгілерін әзірлеуге, тәжірибе алмасуға көмектеседі.
Кевин Брэйтуэйт, NETWORK FOR GLOBAL INNOVATION вице-президенті /АҚШ/:
Мұндай тренинг Ұлттық академияның бастамасымен Қазақстанда екінші рет өтіп жатыр. Жас ерекшелігіне қарамастан көп азаматтардың қызығушылығы жоғары екенін байқадық. Бұл елдегі жасыл технология бағытын жетілдіруге септігін тигізеді деген сенімдемін.
Таза технологиялар саласындағы инновациялар мен кәсіпкерлікті жеделдету бағытындағы шара 4 күн өтеді. Тренинг алдағы үш ай онлайн сабақтармен жалғасады. Жиынға қатысқан 32 адамның 5-еуі ғана іріктеледі. Үздік финалистер инвесторлармен кездесуге мүмкіндік алады. Одан бөлек 3 млн теңге көлемінде грант иесі атанады. Бұдан әрі жеңімпаздар Венада өтетін халықаралық байқауға қатысады.
Раушан Сайлауқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
