Алматының тау бөктерінде заңсыз салынған тұрғын үй бұзылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматының тау бөктерінде заңсыз салынған тұрғын үй бұзылды

30.07.2024

Алматының тау бөктерінде заңсыз тұрғызылған «Graff» тұрғын үйі сүрілді. Себебі «Қарағайлы құрылыс» компаниясы ғимаратты әу-баста рұқсат құжаттарынсыз салған. Ал былтырдан бері шаһарда заңсыз салынған 40 нысан бұзылған еді. Енді миллиондап қаржы құйып, сан соғып қалған үлескерлер баспананың құнын қалай қайтарып алады? Таулы аймақтағы заңсыз құрылысты қатаң бақылауға алған әкімдіктің жауабы қандай? Толығырақ алматылық Айдана Қуантхан айтады.

Айдана Қуантхан, тілші:

Элиталық саналатын тұрғын үйдің бірінші қабаты түгел салынған. Бірақ әкімдіктің мәліметінше, құрылыс рұқсатсыз жүріп жатыр. Қазір сот шешімімен тұрғын үй кешенінің мына бұрышынан бастап сүрілді.

Миллиондап қаражат құйған үлескерлер былтыр дәл осы жерде қоныстануы керек еді. Олар баспана құнын 50 тіпті, 100 пайыз төлеп қойып, үйдің берілуін күтіп жүр. Нысанға жауапты болған «Қарағайлы құрылыс» компаниясы үш қабатты тұрғын үйді әу-баста заңсыз тұрғызған. Тіпті 100-ге жуық пәтерді сатып жіберген.

Жанар Нұрғалиева, үлескер:

Мен бір ғана бөлме алдым, соның өзінде 8 млн құйдым. Мен сияқты қарапайым халықтың алды 40-30-50 млн-ға дейін құйғандар бар.

Сәуле Әбілдинова, үлескер:

Біз 54,5 млн шамада жетпейтін болған соң ақша қосымша несие алдық. Енді біз артынан кеш біліп қалдық, бұл құрылысқа әкімдіктің рұқсат бермей жатқанын.

Алданғандардың алды сотқа шағымданып, жеңіп шығыпты. Алайда «Қарағайлы құрылыс» компаниясында қазір ақша жоқ. Амалы таусылған үлескерлер өздері инвестор тартып, аяқсыз қалған құрылысты «Талшын Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырған. Олардың ендігі талабы - құрылысты аяқтауға әкімдік рұқсат берсін, - дейді.

Меруерт Тоғызбаева, «Талшын строй» ЖШС директоры:

Мен өз басым бұл жерден 4 пәтер сатып алдым. Әрқайсысына 50 млн-дап ақша бердім. Мен сияқтылар қаншама? Мына үйді сүріп тастаса, қаншама адамның ақшасы күйіп кетеді. Мен құрылысты өзім мойныма алып, аяқтаймын, тек әкімдік рұқсат берсе болғаны.

Ал әкімдік «Қарағайлы құрылыс» компаниясын тексерген кезде мүлдем құжаттары болмағанын айтып отыр. Өйткені жер телімі жеке қосалқы шаруашылық мақсатында берілген.

Әлібек Төлбасы, қала құрылысын бақылау басқармасының бөлім басшысы:

Қазір тапсырмамыз бар, соның негізінде салып жатырмыз дейді. Бірақ бұл қате ұғым. Бірінші жоба жасау керек, урбанистикадан келісім алу керек. Содан кейін ғана жеке сараптама өтіп, бізге хабарлама жібереді. Бірақ ол құрылыс басталмай тұрып жасалуы тиіс еді.

Осы ретте заңгер Қуанышбай Мақсатбайұлы алдандық деген салымшыларға тек бірлесіп сотқа арыздану керек екенін айтты. Ал қарыздың өтелуін сот орындаушылары ғана қадағалай алады, - дейді.

Қуанышбай Мақсатбайұлы, заңгер:

Залалдың сумасын компанияның директорларынан талап ете алады, 10-15 жыл өз айыбын өтеп шыққан жағдайда да олардың мойынында талап арыз қалады.

Былтыр Алматыда құрылысқа бақылау күшейтіліп, заңсыз салынған 202 нысан анықталған еді. Қазіргі таңда сот шешімімен 122 ғимараттың 61-і сүрілсе, жартысы құрылыс талаптарына сай келетін нұсқаманы орындауы тиіс. Ал 80 заңсыз құрылысқа әлі де сот процесі жүріп жатыр.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу