Қазақстандық оқушылар халықаралық химия олимпиадасында ел қоржынын 4 медальмен толықтырды. Сауд Арабиясының астанасы Әр-Риядта өткен жарыста жасөпірімдер 2 алтын, 1 күміс, 1 қола олжалады.
Павлодардағы 8-ші мектеп-лицейдің түлегі Ринат Елеусізов пен Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Кирилл Ким алтыннан алқа тақты. Ал Ақтаудағы Білім-инновация лицейінің түлегі Абылай Қабдулқадыр күміс, Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әділжан Молдағұл қоланы еншіледі. Сайыскерлер алдымен органикалық, бейорганикалық, физикалық химия, жоғары молекулалы қосылыстар бойынша теориялық тапсырмаларды орындады. Сонан соң тәжірибе кезеңінде реакциялар мен индикаторлар арқылы 12 түрлі ертіндінің құрамын анықтады.
Әрбір кезеңге 5 сағат уақыт бөлінді. Халықаралық химия олимпиадасы шілденің 21-і мен 30-ы аралығында өтті. Оған әлемнің 90 елінен 333 оқушы қатысты. 1968 жылдан бері оқушылар арасында өткізілетін олимпиаданың басты мақсаты - ғылымға қызығатын жастардың басын қосу, коммуникация орнату. Келесі жылы халықаралық жарыс Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетінін айта кетейік.