Құрық-Жетібай тас жолы қыркүйекте тапсырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрық-Жетібай тас жолы қыркүйекте тапсырылады

29.07.2024

Маңғыстаудағы Құрық-Жетібай тас жолы қыркүйек айында іске қосылады. Сондықтан қазір күре жолдың бойында жұмыс қарқын алған. Республикалық маңызды трасса ашылғанда еліміздің түкпір-түкпірінен және Қытайдан Құрық портына жүк тасымалдаушылар үшін жол жүру ұзақтығы екі есеге қысқармақ. 

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Республикалық маңызды Құрық-Жетібай тас жолының ұзындығы-64 шақырымды құрайды. Оның барлығына екі қабатты асфальт-бетон құйылған. Енді қиыршық тасты үшінші қабаты төселуде. Оның 35 пайызы орындалған.

Мамандардың айтуынша енді 44 шақырым жолға қиыршық тас төселеді. Бұл жолдың соңғы қабаты. Сондықтан магистраль алда қыркүйек айында іске қосылмақ.

Қазбек Мамбетов, жол компаниясының өкілі:

Асфальт бетондау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар жол жиегін жаңғырту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Темір жол арқылы өтетін өткел жасалды және жарықтандыру жұмыстары жүруде.

Жол жөндеу жұмыстары 4 жыл бұрын басталған. Алайда құрылыс материалдары күрт қымбаттап, жобаны қайта түзетіп, бір жылға созуға тура келді. Нәтижесінде 9 млрд теңгенің жолы 11 млрд теңгеге бағаланды. Мамандар республикалық маңызды жолдың сапасына айырықша көңіл бөлуде.

Хамзат Сұлтанов, Ұлттық сапа орталығының өкілі:

Ауыр жүк машиналдарға сәйкес транзиттік өтетін машиналарға арналған. Жоба бойынша барлық сапаға сай.

Құрық-Жетібай автомобиль жолы өңірдің көліктік-транзиттік әлеуетін арттыруға арналған жобалардың бірі. Іске қосылғанда жүк ағыны артып, транзиттік жүктерді Құрық портына кедергісіз әрі, қысқа жолмен тасымалдауға мүмкіндік туады.

Берік Ізғалиев, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

Жүк тасымалының көлемінің артуы байқалады. Мысалы 2023 жылдың 6 айымен салыстырғанда 33 пайызға өскен. Бұл дегеніміз біздің порттарымыз арқылы өтетін маңызды транс каспий халықаралық көлік дәлізінің маңызы артып келе жатқанын көрсетеді. Ал мына күрделі жөндеу жасалып жатқан жоба сол маңызды көлік дәлізінің аса маңызды құрамдас бөлігі.

Қазір еліміздің өзге өңірлерінен және Қытайдан келетін жүктер Жетібайдан Ақтауға бұрылып, Құрыққа дейін 130-140 шақырым жүреді. Ал Құрық-Жетібай тас жолы пайдалануға берілгенде ара қашықтық 2 есе қысқарып, небәрі 64 шақырым болмақ.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу