50 мың доллар. Мұнша сыйақыны жеңіл атлетика жеңімпазы алады. Бұл да - осы жолғы Олимпиаданың жаңалығы. Қаражатты Бүкіләлемдік жеңіл атлетика федерациясы арнайы бөледі. Бұған дейін Халықаралық олимпиада комитеті де, бірде-бір халықаралық спорт федерациясы да Олимпия ойындарында өнер көрсететін атлеттерге сыйақы тағайындамағанын айта кетейік.
Себастьян Коу, Бүкіләлемдік жеңіл атлетика федерациясының президенті:
Қайсыбір спортқа қызығушылық артса, федерациялардың табысы молаяды. Демек, бұл үрдіске үлесі мол спортшылардың да еңбегін бағалаған абзал деп шештік. Әзірге Париж Олимпиадасында алтын алған атлетке сыйақы беріледі. Ал келесі Лос-Анджелесте өтетін дүбірлі додада күміс пен қола жүлдегерлерді де назардан тыс қалдырмаймыз.
Олимпиада тарихында алғаш рет атлеттерге сыйақы бөлген ұйымдардың бірі - Халықаралық бокс ассоциациясы. IBA басшысы Умар Кремлёв қауымдастыққа мүше федерациялардың боксшыларын осы Олимпиадада ынталандыратынын мәлімдеген болатын.
Умар Кремлёв, IBA президенті:
Алтын медальға 100 000 доллар, оның 50 мыңы спортшыға, қалған 50 мыңның 25 мыңы ұлттық федерацияға, ал 25 мыңы бапкерге беріледі. Күміс жүлдеге 50 000 доллар атап отырмыз. Оның 25 мыңы атлетке, қалғаны ұлттық федерация мен жаттықтырушы арасында қылдай бөлінеді. Қолаға 25 000 доллар белгіленген. Оның 12 500-і спортшыға, ал қалғанын тағы да ұлттық федерация мен бапкер теңдей бөліп алады.
Мұның барлығы әр елдің мемлекеттік бюджетінен бөлінетін ақшадан бөлек сыйақы екенін айта кетейік. Ұлыбритания, Швеция, Норвегия атлеттері осы ұйымдардың арқасында олжалы болмаса, ел үкіметінен оларға қайыр жоқ. Бірде-бір доллар сыйақы қарастырылмаған. Ал қазақстандық спортшылар алтынға 250 мың АҚШ доллары мен үш бөлмелі пәтер, күміске 150 мың доллар мен екі бөлмелі пәтер, ал қолаға 75 мың доллар мен 1 бөлмелі пәтер алады.
Қаракөз Тұрмағанбет