Астанада кәсіпкерлер экологиялық акцияға қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада кәсіпкерлер экологиялық акцияға қатысты

29.07.2024

Астананың екі мыңнан астам кәсіпкері «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға үлесін қосты. Бұдан бөлек Президент Іс басқармасының қызметкерлері бастаған еңбек ұжымдары мен тұрғындар Байқоңыр ауданы мен Қоянды су қоймасының аумағын қоқыстан тазартты. Ал Қарағанды акция аясында ерекше бастама көтерілді.

Бизнес өкілдері жаңа аптаны экологиялық акциямен бастады. Таңмен таласа қаладағы сауда ойын-сауық орталықтары мен базарлардың, кәсіпорындар мен туристік нысандардың маңайын тазалады. Көгалдар мен гүлзарларды абаттандырды.

Бауыржан Зейнелов, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы сауда және қызмет көрсету саласын дамыту бөлімінің бас маманы:

Қаламызды жақсарту мен абаттандыруға үлес қосу үшін бизнестің әртүрлі салаларынан 2 мыңға жуық адам жиналды. Бұл сенбілік бірлескен күш-жігердің айтарлықтай өзгерістерге әкелетінінің жарқын мысалы болып табылады. Шағын, орта және ірі бизнес өкілдері бірігіп, әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық сананың үлгісін көрсетеді.

Ал Байқоңыр ауданы мен Қоянды су қоймасының маңында болған тазалық шарасына 100-ден астам адам қатысты. Сонымен бірге 5 арнайы техника жұмылдырылды. Бұл аумақтан 5 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Гүлназ Абайқызы, ҚР ПІБ ҚР Президентінің әкімшілігі мен үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы, РМК қызметкерлерді басқару жөніндегі бас маманы:

Тазалау аумақтарын 3-4 км. Тазалап өттік. Барлық кәсіпорын қызметкерлері белсенді араласып, жұмыс жүргізілуде.

Қарағанды облысының тұрғындары 110 мың бөтелкені балмұздаққа айырбастады. Кем дегенде бес пластикалық бөтелке әкелген жандарға бір балмұздақ беріледі. Қарағанды мен Теміртау қаласының өзінде 90 мыңға жуық бөтелке өткізілген. «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған шараға аудан, ауылдар да атсалысып жатыр.

Әнел Кәрімова, Қарағанды қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы:

Таңертең 11-ден бастап 5 мыңға жуық тұрғындар келді. Көбісі балалар, үлкен кісілер де бар. Бүгінге 50 мыңға жуық бөтелке қабылдаймыз деген ой бар. Акция жақсы жүріп жатыр, тұрғындар белсенді.

«Таза Қазақстан» акциясы еліміздің барлық өңірінде жүріп жатыр. Мақсат - қоршаған орта қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу