Әлемнің мықты дзюдошыларын қапы қалдырып, ел қоржынына қола сыйлаған Ғұсман Қырғызбаевтың жақындары мен жанашырлары жеңімпазға басты жанкүйер болды. Қазақ дзюдошысы Ғұсман Қырғызбаев 66 келі салмақ дәрежесінде серб Страхиня Бунчичті жықты. Бұл – қайсар Ғұсманның олимпиададан алып тұрған бірінші тарихи медалі. Ғұсманның сыңары – Ғұмар Қырғызбаевтың сөзінше, бауыры осы олимпиадаға бар күшін салған. Күн-түн демей, жаттығуға ерекше ден қойған. Әрі дзюдошының соңғы олимпиадасы болғандықтан, бұл тарихи жеңіс болды дейді.
Данияр Қырғызбаев, Ғұсманның әкесі:
Медаль құтты болсын, қола медаль болса да, жүлденің бірі деп ойлаймын. Спортшыларға, сопорт сүйер қауымға да, қолдаушыларға да - бәріне үлкен рахмет. Өте қуаныштымыз, міне, анам отыр қасымда, батасын беріп, қуанып отыр.
Ғұмар Қырғызбаев, Ғұсманның бауыры:
Ғұсман бұл уақытты 21-22 жыл күтті. Еңбек етті. Көңіл-күйімді айтып жеткізу мүмкін емес, өзім күрескендей шаршап қалдым. Құтты болсын, қазақ елі!
Жазира Оразқызы
