Елімізде су айдындарында ауқымды сенбілік шаралары өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде су айдындарында ауқымды сенбілік шаралары өтті

27.07.2024

Елімізде су айдындарында ауқымды сенбілік шаралары өтті. «Таза Қазақстан» эконауқаны аясында барлық өңірдің табиғат жанашырлары, мемлекеттік қызметшілер мен еріктілер, белсенді жастар игі іске атсалысты.

Бурабайдың баурайында спорт пен сенбілік үйлесім тапты. Экопуллинг деп аталатын шараның ерекшелігі қатысушылар жүгіріп жүріп қоршаған ортаны қоқыстан тазалады. Облыстың әр түкпірінен келген 300-ден астам адам екі топқа бөлініп, Абылайхан алаңы мен көл жағалауын шолып шықты. Тіпті, курорттық аумақта демалып жүрген туристер де қарап қалмай, ерікті түрде экопуллингке қатысты.

Карина Сәрсембаева, экопуллингке қатысушы:

 Президенттің жарлығымен «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға Бұланды ауданынан келіп тұрмыз. Бұл акция Отанды сүюге, елімізді қорғауға, оны көркейтуге Бурабай тұрғындарын қоқыстарды жәшікке салуға шақырамын.

Қостанайда 100-ден аса адам жарыса жүріп Тобыл өзенінің жағалауын тазалады. «Таза Қазақстан» эконауқаны аясында өткен игі бастамаға үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлар, спортшылар қатысты. Мұндай шаралар көктем шыққалы өңірдегі барлық аудан, қалаларда тұрақты түрде өкізіліп келеді.

Берік Нұрмұхамедов, жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

Плоггинг - бұл қоқыс жинаумен біріктірілген белгілі бір қашықтыққа жүгіру. Бұл іс-шараның мақсаты - халық арасында экологиялық белсенділікті арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

Федоров су қоймасындағы эконауқан

Ал Қарағандыда қала іргесіндегі су айдынының айналасы тазартылды. Бұл жолы науқанға жас сарбаздар мен еріктілерден құралған 100-ге жуық жас атсалысты. Федоров су қоймасының жағалауы қала тұрғындарының ең көп демалатын орындарының бірі. Қуантарлығы, көпшілік қазір айналаны ластамай, тазалық мәдениетін қалыптастыруға дағдыланған.

Жайық жағалауындағы сенбілік

Атыраулықтар сенбінің таңында Жайық жағалауына сенбілікке шықты. Игі бастамаға 50-ге жуық ерікті жиылды. Олар өзеннің бойында жиналған қоқысты қап-қапқа салып, тазалы шарасына белсене атсалысты.

Жастар сырадрияның жағалауын тазалады

Қызылордалық белсенді жастар да Сырдарияның сол жағалауында сенбілік өткізді. Бұл игі іс тек шаһар аумағында ғана емес, жалпы облыс бойынша кең көлемде ұйымдастырылып отыр.


Хабарламаларға жазылу