Премьер-министр орманды қалпына келтіру жұмыстарын тексерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-министр орманды қалпына келтіру жұмыстарын тексерді

26.07.2024

«Семей орманы» аумағында құқықтық тәртіптің сақталуын қатаң бақылау қажет. Абай облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов құзырлы орган өкілдеріне осындай тапсырма берді. Үкімет басшысының айтуынша заңсыз ағаш кесу жағдайы тыйылмай тұр. Мұнымен жедел түрде күресу керек. Бұдан бөлек Үкімет басшысы Семей қаласының Бас жоспарымен танысты. Қала әкімі Семейдің визит карточкасы – аспалы көпірдің қазіргі ахуалы көңіл көншітпейтінін айтып, оны жаңартуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Үкімет басшысы әуелі былтыр маусымда алапат өрт болып, 66 мың гектар алқабы жанып кеткен «Семей орманының» қазіргі ахуалын көрді. Қарағайлы орманды қалпына келтіру жұмыстарын тексерді. Мемлекет басшысының өрттің алдын алу, орман шаруашылығындағы мәселелерді шешу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Өткен жылы алапат өрт болып – «Семей орманы» алқабының оннан бір бөлігін жоғалттық. Сондықтан орман өрттерінің алдын алу өте маңызды міндет. Айтқым келген тағы бір маңызды мәселе – заңсыз ағаш кесумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы. Олармен күресу керек. Орман – біздің ұлттық байлығымыз. Заңсыз ағаш кесумен айналысатындар – мемлекеттің жауы. Бұл сіздердің және құқық қорғау органдарының міндеті.

Сондай-ақ Олжас Бектенов материалды-техникалық базаны жаңарту мәселесі жолға қойылғанын жеткізді. Қазір «Семей орманы» резерваты үшін 1,4 млрд теңгеге 37 бірлік арнайы техника сатып алынған.

Премьер-министр Абай өңіріндегі өнеркәсіптің дамуымен танысты. Соның бірі - «Қазполиграф» кәсіпорны. 83 жылдық тарихы бар ең көне комбинат тамақ өнеркәсібіне арналған қаптаманың барлық түрін жасайды. Оның өміні қазақстандық азық-түлік өндірушілер арасында үлкен сұранысқа ие, көрші елдерге де экспортталады.

Қайрат Омарғалиев, «Қазполиграф» ЖШС сыртқы экономика жөніндегі директоры:

Комбинатта 700-ден астам адам еңбек етеді. Біздің географиямыз Ресейдің Нальчигынан Қиыр шығыстағы Благовещенскке дейін тарайды. Одан басқа Орта Азиядағы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанға өз өнімімізді жасап жеткіземіз.

Одан соң Премьер-министр Семей қаласы Бас жоспарының жаңа жобасымен танысты. Қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, басымдық әлеуметтік, рекреациялық және өндірістік нысандарға берілген. Құжат облыс орталығы аумағын дамытуға негіз болмақ. Бас жоспардың үлгісі қыркүйекте «Ашық» порталына жариянады. Жұртшылықтың талқылауынан өткен соң, Үкіметтің бекітуіне ұсынамыз, деді шаһар басшысы.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу