Алакөлде құлаған гидроплан заңсыз ұшып жүрген. Себебі ұшу аппараты еш жерде тіркелмеген. Сондай-ақ ұшқыштың да жеңіл ұшақтарды басқаратын лицензиясының біліктілік мерзімі өтіп кеткен. Демек оның да әуеге көтерілуге рұқсаты жоқ. Бұл туралы бүгін Азаматтық авиация комитеті хабарлады. Ал гидропланмен көлге құлаған екі азаматтың да жағдайы ауыр. Екеуінде де жабық бас сүйек ми жарақаты бар. 40 жастағы азаматшаның сол жақ тізесі жараланып, тобығы сынған. Ал 44 жастағы ұшқыштың жамбасы сынып, басы жарылған. Науқастарға Талдықорғаннан нейрохирург пен травматолог дәрігер келіп, көмек көрсетуде. Жағдайлары күрт нашарлай түссе санитарлық авиациямен облыс орталығына жеткізуі мүмкін. Ал Азаматтық авиация комитеті құзырлы органдармен апат бойынша тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Есенгелді Нұрдәулет, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ лицензиялау басқармасының аға авиациялық инспекторы:
Құзырлы органдар айналысып жатыр. Біз өз шеңберімізде барлық ақпараттарды сол құзырлы органдарға беріп жатырмыз. Біздегі бар ақпарат бойынша ол пилоттың жаңа айтып кеткендей 2022 жылы біліктілік мерзімі біткен. Ол кісі заңсыз ұшқан. Әуе кемесі де ҚР мемлекеттік реестрінде тіркелмеген.
Қуаныш Қанатұлы