Еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр

25.07.2024

Қазақстандықтар еліміздің экологиялық жағдайына бейжай қарамайтындарын тағы да дәлелдеді. Республиканың түкпір-түкпірінде «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Астаналық белсенділер су карьерін қоқыстан тазартса, оңтүстіктің жұрты «Таза бейсенбі» шарасы аясында тұрғын үйлердің аумағын ғана тазалап қоймай, балалар ойын алаңдарын қалыпқа келтіріп, бүлінген орындықтарды жөндеді.

Елорда маңындағы су карьерінің төңірегі қоқыстан тазартылды. Астана-Бурабай тас жолы бойындағы аумақта «Аманат» партиясының өкілдері тазалық жұмыстарын жүргізді. «Таза бейсенбі» шарасына 100-ден астам адам қатысып, қоқыстарды жинады.

Әбдіғани Бәзілханұлы, «Амanat» партиясы қалалық филиалының саяси жұмыс бөлімінің басшысы:

 Жалпы бұл шара тек еңбек деп қана түсіну керек емес, бұны идеологиялық бұрылыс деп түсіну керек. Өзіміздің тұрған жерімізді, өзіміздің өскен ортамызды тазалау арқылы біз жастарға үлгі көрсетуіміз керек.

«Алматы жазы» экологиялық эстафетасы аясында алып шаһарда «Медеу» шатқалы тазартылды. Елімізге танымал спортшылар мен альпинистер, «Шымбұлақ» тау курортының қызметкерлері, спорт мектебінің оқушылары қатысып, күл-қоқыс жинады. Одан Әуезов ауданында тұратын зейнеткерлер де қалыс қалмады. 80-ге жуық адам 6 текше метр қоқыс жинады. Жасы мен кәрісі бірдей ат салысқан науқанға «Жасыл ел» еңбек жасағының 120-дан астам белсенді қатысты. Олар «Үлкен Алматы көлі» аумағында абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Мұхтар Ізбеков, эстафетаға қатысушы:

Экологияны таза ұстау үшін барымызды саламыз. Қазақ елін әрдайым болашағына, жан-жағымызға көз жүгіртіп, қазақ елін көркейтіп, өркендету біздің өзіміздің міндетіміз деп есептейміз.

Шымкенттегі жалпыхалықтық акцияға мыңнан астам адам қатысты. Олар мегаполистің 6 учаскесін бөліп алып, игі шараға үлесін қосты. Жасыл желекке күтім жасап, қураған ағаштарды қырықты. Көшелерің бойы, Қошқар ата мен Бадам өзенінің жағалауын күл-қоқыстан тазартты. Көпқабатты тұрғын үй жанындағы тозығы жеткен ойын алаңдарын ретке келтірді.

Марат Тәжібаев, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары:

Тұрғындардың өтініші істеп жатқанымызды көреді да, неге бізге істемейсіздер дейді. Барлығы кестеге сәйкес істелетінін түсіндіру керек. Одан бөлек біз ішкі орамдық көшелердің барлығында асфальт қабатын жамау, төсеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Туған жерін таза ұстау - әр адамның перзенттік парызы. Осындай ұстаныммен Түркістан облысы Сауран ауданының тұрғындары да экологиялық акцияға қатысты. Мұнда тазалық шарасы аптасына 2 рет ұйымдастырылады. Сәрсенбі және сенбі күні ауыл жұрты ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер де үлес қосады.

Элзат Мәуленов, тазалық мекемесінің басшысы:

Тазалық деген бұл барлығымыз үшін керек. Міне барлық көшелер тазаланып жатыр. Мемлекет басшысы Тоқаевтың бастап жатқан бастамасы осы - «Таза Қазақстан». Сондықтан барлықтарыңызды осыған ұйымдасып көмектесуге шақырамын.

Экологиялық науқанға 500-ге жуық адам, 7 техника жұмылдырылған. Олар 17 аумаққа бөлініп жұмыс істеді. Жалпы 80 тонна қоқыс шығарылды.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу