Олимпиада қалашығы жанында төсбелгінің сан түрі сатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада қалашығы жанында төсбелгінің сан түрі сатылады

26.07.2024

Париждегі Олимпиада қалашығы маңында белгіше саудасы қызып барады. Онда Жазғы ойындар символының сан түрі ұсынылып отыр. Саудагерлер арасында талай Олимпиадаға куә болған коллекционерлер де бар. 

Қазір Париждегі Олимпиада ауылының жанында белгіше сатушыларды да кездестіруге болады. Сол саудагерлердің ішінде 86 жастағы Росс Бакстер де бар. Шотландияда дүниеге келіп, Канадаға қоныс аударған қария өмірінде 14 Олимпиадаға барыпты. Демек коллекционерде Жазғы ойындардың сан түрлі символы бар. Бірін айырбастайды, екіншісін сатады.

Росс Бакстер, белгіше саудагері:

Бұған да тәуелді болады екенсің. Бірақ мен үшін өте қызық кәсіп. Өйткені басқа елдерге барып, көптеген жақсы адамдармен танысамын. Әрине тиын жинай аламын. Бірақ олар ұнамайды. Өйткені монеталарды жұмсап жібергім келіп тұрады.

Белгіше саудалау кез келген Олимпиаданың ажырамас бөлігі. Парижде де олардың жүздеген түрін кездестіруге болады. Солардың қатарында спорттық федерациялардың, медиа компаниялардың, Халықаралық олимпиада комитетінің белгілері бар. Кейбіреулерінің бағасы 50 долларға дейін барады.

 Брэд Фрэнк, белгіше саудагері:

Олимпиадаға барғанда кейбір адамдар ақпарат құралдарының белгілерін сатып алады. Ал біреулерге тұмар, өзгелерге Париждің бейнесі ұнайды.

Америкалық мұғалім Дэн Пресбургер болса, Парижге 75 келі белгіше алып барған. Оның коллекциясында мұндай заттың жүздеген мыңы бар. Ең ескісі – 1908 жылғы екен. Мақсаты – айырбас жасап, саудаласып, бай қоржынын тағы мыңдаған белгішемен толықтыру.

Дэн Пресбургер, белгіше саудагері:

Мен бұрын тиын жинаушы едім. Оны 1984 жылғы Олимпиада кезінде яғни, 20 жасымда топтамама қоса бастадым. Кейін белгіше саудасына кірістім. Оны сатып табыс таптым, айырбастап коллекциямды толықтырдым.

Жазғы ойындар кезінде белгіше саудасы 1984 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында өркендей бастаған. Дегенмен Бакстердің айтуынша, осыдан 5000 жыл бұрынғы ежелгі жарыстарда да атлеттер бір бір-біріне ағаш сувенирлер сыйлаған екен.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу