Жазғы Олимпиада ойындарында алғашқы жүлдеге ие болған қазақстандық атлеттер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазғы Олимпиада ойындарында алғашқы жүлдеге ие болған қазақстандық атлеттер

24.07.2024

Алдағы жұма Париж Олимпиадасы шымылдығын түреді. Ал ертең жеребе тастау рәсім өтеді. Осы орайда тәуелсіз Қазақстан тарихында Жазғы Олимпиада ойындарында ең бірінші болып ел қоржынына жүлде салған спортшыларымызды еске түсіріп көрелік.

Юрий Мельниченко Атланта Олимпиадасында 57 келі салмақта өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды. Осылайша грек-рим күресінің шебері байрақты бәсекеде топ жарған тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы атлет атанды.

Ал 2000 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында велошабандоз Александр Винокуров ел қоржынына алғашқы жүлдені салды. Сиднейде өткен додада ол күміс жүлдеге қол жеткізді.


Афиныда алғашқы жүлдені ауыр атлет Сергей Филимонов жеңіп алды. Ол өз салмағында күміс жүлдені қанжығаға байлады. 2008 жылы Бейжіңде өткен додада Нұрбақыт Теңізбаев тәуелсіз Қазақстанның көк туы астында грек-рим күресінен Олимпиада ойындарында жүлде алған алғашқы қазақ атанды.

Лондондағы Олимпиадада атақты велошабандоз Александр Винокуров тас жолдағы топтық жарыста алтын медаль жеңіп алды. Байрақты бәсекенің алғашқы күнінде алтыннан алқа тағып, ел абыройын асқақтатты.

Риода алғашқы жүлдені дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг жеңіп алды. 48 келіде өнер көрсететін атлетіміз кубалық Местре Альваресті жеңіп, Рио Олимпиадасының қола жүлдесіне қол жеткізді.

Ал Токио ойындарында Қазақстанға алғашқы жүлдені дзюдошы Елдос Сметов сыйлады. 60 келі салмақта сынға түскен ол Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Енді арғы күні 33-ші Жазғы Олимпиада ойындарының шымылдығы түріледі.

Париж Олимпиадасының алғашқы жүлдесіне 27 шілдеде дзюдошы Абиба Әбужақынова мен Елдос Сметов таласып көрмек.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу