Соңғы тәулікте әлемнің бірқатар елдері алапат тасқындардан, аптап ыстықтан, орман өрттерінен зардап шекті. Ондаған мың адам үйлерін тастап кетті. Қаза тапқандар да бар.
Филиппиннің 13 миллион адам тұратын астанасы мен солтүстігіне «Гаеми» дауылы соққы берді. Оның үстіне бұл провинцияларға муссон жаңбыры құйған. Соның салдарынан ел астанасы Маниланы топан су басты. Алапат тасқыннан көлік қатынасы тежеліп, тұрғындар тізеден су кешіп жүр. Табиғи апатқа байланысты президент кеңсесі барлық оқу орындарында сабақты доғарып, мемлекеттік мекемелердің көбінде жұмыс тоқтатады.
Сұрапыл тайфун бірер сағат бұрын Жапонияның Ишигаки аралына жетті. Сондықтан жергілікті үкімет халыққа далаға шықпауға кеңес беріп отыр. Айта кетсек, сағатына 155 шақырым жылдамдықпен жылжыған «Гаеми» бүгін кешке Тайваньға барады.
«Гаеми» Вьетнамды жайпайды деген мәлімет жоқ. Дегенмен оның солтүстік провинцияларында бүгін жауын төпелеп, су тасып, лай көшіп, кемінде үш адам мерт болды. Тоғызы жоғалып кеткен. Ал мына кадрлар түстен кейін Сон Ла қаласында түсірілді. Онда көшелер өзенге айналып, кейбір тұрғындар суда жүзіп жүр.
Қырғызстанда тағы да алапат сел жүрді. Жергілікті төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, Жалал-Абад облысына қарасты Арыстан бап ауылында толассыз жаңбыр жауып, арты селге ұласқан. Салдарынан бір аурухана, сауда үйі, бес көпір зақымданып, 23 автокөлікті су шайып кеткен. Құтқарушылар апаттың зардаптарын жоюмен айналысып жатыр. Еске салайық, 2 апта бұрын Ош қаласында осындай табиғи апат болып, 4 қазақстандық қаза тапқан.
Ал Ресейдің Якутия аймағында орман өрті қаулап барады. Елдің төтенше жағдайлар министрлігі бүгін хабарлағандай, бас-аяғы 88 от ошағы лапылдап жатыр. 760 мың гектар аумақ күлге айналған. Тілсіз жаумен күреске 2 мыңға жуық адам тартылды.
Испанияның Андалусиясында ауаның температурасы жақында 43 градусқа дейін көтерілді. Сондықтан мұнда да жасыл желектер жанып жатыр. Оны сөндіруге 170 адам мен түрлі техника жіберілген.
Канаданың батысындағы Альберта және Британдық Колумбия провинцияларындағы жағдай да қиын. Екеуінде өрттің 550-ге жуық ошағы анықталыпты. Олардың 300-дейі бақылаудан шығып кеткен. Қауіп төнгендіктен, 25 мың адам үйлерін тастап кетті.
Шілденің 21-і әлем тарихындағы ең ыстық күн атанды. Мұндай қорытындыны Еуропа одағының Коперник атындағы климаттық қызметі 1940 жылдан бергі бақылау мәліметтеріне сүйеніп хабарлады.
Күннің қызғаны сонша Мысырдың Александрия қаласында, Жерорта теңізінің жағалауында құм әрең көрінеді. Себебі ыстықтап суға түсуге сан мың адам аттанған.
Арыстан Рысбек