Алакөл демалыс аймағының коммуналдық жүйесіне салмақ түсе бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алакөл демалыс аймағының коммуналдық жүйесіне салмақ түсе бастады

24.07.2024

Алакөлдегі демалыс орындарында былтыр электр қуатының тапшылығы сезілді. Ал күл-қоқыс шығаруда әлі де шешілмей жатқан мәселелер бар. Соған қарамастан тынығуға келетін халықтың қарасы қалың. Себебі Алматы-Өскемен, Үшарал-Достық жолдары пайдалануға беріліп демалушылар өз көліктерімен кедергісіз келе бастады.

Жас кәсіпкер Жандос Жақан демалыс орнын 2016 жылы ашты. Ол кезде небәрі 18 адам қабылдай алатын. Былтыр мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, кеңейіп, бір мезетте 80 адам орналастыра алатын жағдайға жетті. Ең бастысы жағалаудағы өзекті деген мәселелер шешіліп, кәсіпті өрлетуге мүмкіндік жасалғанына риза.

Жандос Жақан, кәсіпкер:

Мемлекеттен трансформатор қойылды. Ол өте жақсы. Бізге Үкіметтен көмек көрсетіліп жатыр. Былтырдан бері су жүргізді. Орталық канализация жүргізіп жатыр.

Ал көл жағасында жылда халықтың қарасы қалың. Коммуналдық қызмет қоқыс шығарып үлгермей жатады. Электр қуаты бойынша мәселе уақытша шешілгенімен, жоғары кернеулі желілер тартылмай, тапшылық арта бермек. Себебі жаңа демалыс орындары көп салынып жатыр. Бескөл станциясынан қуатты электр желісін тарту жоспары тұр.

Қуандық Мұхаметқалиев, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары:

Оның қаражаты 10 млрд 900 млн теңгеге келіп тұр. Үлкен жоба. Егер мемлекет тарапынан қолдау тапқанда Ақшиді, Көктұма болсын, барлығын электр жарығын тұрақты қамтамасыз етеді деген жоспардамыз.

Ал биыл көл жағасына 1 млн 600 мың адам келеді деген болжам бар. 300-ден астам демалыс орны қызмет көрсетеді. Мұнан бөлек жағажайда бір күнге келген қонақтарға 100-деген шатыр мен тапшандар қойылған.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Айдынды Алакөл өзінің шипалы суымен ғана ерекше емес, сондай-ақ табыс көзі. Мұндағы тұрғындар осындай ерекше қайықты жалға беріп те нәпақа тауып отыр. Дәл қазір осы қайықты жалдағаным үшін 10 минутына 15 мың теңге төлеймін.

Отандық туризмді дамытудың бірден-бір жолы шетел аспай туған жерде тынығу керек дейді мұндағы демалушылар.

Асхат Құрманғалиұлы, Алматы қаласының тұрғыны:

Өзіміздің еліміз дамысын, көркейсін. Бұл жақ шетелден ешқандай кем емес екен. Барлық жататын орын, тамақ, су жарық барлығы көңілімізден шықты.

Алакөлде шомылу маусымы тамыздың соңына дейін жалғасады. Қыркүйекте де келіп суға түсетіндер бар.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу