Енді зейнетақы қорындағы ақшаны тіс емдеу үшін пайдалануға тыйым салынуы мүмкін. Бұл шектеу 10 тамыздан бастап алты айға созылмақ. Себебі қаражатты стоматологиялық қызметтерге емес, басқа мақсатта жұмсау деректері тіркелген. Мәселен тіс имплантаттау, протездеу кезінде жалған құжаттар пайдаланылған. Нақты медициналық қызметтер көрсетілмеген. Заңсыздықтарды біржолғы зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор – «Отбасы банк» қызметтік тексерулер кезінде анықтаған. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі бұйрық жобасын әзірледі. Егер жаңартылған бұйрық күшіне енсе, 10 тамыздан бастап қазақстандықтар стоматологиялық қызметтерге өз жинағын жұмсай алмайды.
Әсел Қыдырәлиева, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы:
Осы бұйрықпен тіс протездеу және имплаттау бойынша стоматологиялық қызметтерге қаражатты пайдалануды 2024 жылғы 10 тамыздан 2025 жылдың 1 ақпанына дейінгі мерзімге уақытша тоқтата тұру көзделіп отыр. Осы уақыт ішінде БЖТ қаражатын мақсатсыз пайдалануға жол бермеу және стоматологиялық қызметтер көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету ету жөнінде тиісті жұмыс жүргізуге ниетті.
Жазира Оразқызы