Талдықорғанда қоғамды дүрліктірген сот отырысы аяқталды. Білім беру саласында 3 жылдан аса уақыт мемлекет қаржысын жымқырған есепшілер 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Барлығы 21 адам. Олар ұйымдасқан топ құрып, 4,5 млрд теңге бюджет қаржысын қолды еткен.
4 айға созылған сот отырысынан кейін айыптаушы тарап толық айғақ-дәлелдер келтіріп, сотталушыларға 8 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Себебі сотталушылардың тең жартысына ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып тағылды. Олар алдын ала сөз байласу арқылы өлі жандарды тіркеп, мектеп қызметкерлеріне артық жалақы аударып, белгілі бір схемамен қаржыны өздеріне аударып отырған.
Саян Дүйсебаев, Жетісу облыстық прокуратурасы 2-ші басқармасының аға прокуроры:
Ұйымдасқан қылмыстық топ құрған 10 адамға қатысты Қылмыстық Кодекстің 267 бабы 3-ші бөлігі және 189 баптың 1,2 тармақтары бойынша. Қалған 10 адамы яғни Қылмыстың Кодекстің 189 бабының 2 тармағы бойынша кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен қалалық білім бөлімінің бұрыңғы бас есепшісі Мадлен Серғазинова 15 жылға сотталды. Қалған есепшілер 7 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Екі айыпталушыға мемлекетке келтірген залалды толық өтегені үшін шартты түрде жазасы тағайындалды. Онда да 7 жылға. Тағы бір есепшінің қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс тоқтады. Бірақ қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленді.
Бақыт Ермаханов, Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:
Жымқырылған ақшаға сәйкес сатып алынған мүліктері тәркіленді. Бұл 3 млрд-қа жуық мүліктер. Яғни пәтерлер, жылжымайтын мүліктер. Одан бөлек бір жер үй, 10 автокөлік, екі жер учаскесі.
Сот процесі кезінде денсаулығына және жүктілігіне байланысты үйқамақта болған төрт айыпталушыға сот залында кісен тағылды. Ал кейбір сотталушының қорғаушылары сот үкімімен келіспейтінін айтады.
Динара Әбдікәрімова А. Түстікбаеваның қорғаушысы:
Ұйымдасқан топтың ішінде емес. Әр қазағым жалғызым деп санағанда, денсаулығын ескере отырып, сот оған 63-ті қолданып шартты жаза берсе де болатын еді. Үкіммен келіспеймін. Аппеляциялық шағым жазамын.
Бюджет қаржысына қол салғаны үшін 20 әйел түрмеге тоғытылды. Олардың қатарында ана да, жүкті келіншек те, әлі тұрмыс құрмаған бойжеткен де бар.
Қуаныш Қанатұлы