Қазақстан күріш пен мақта алқабын азайтып жатыр. Себебі бұл дақылдарға су өте көп қажет. Биылдың өзінде 23 мың гектарға қысқарды. Бидай алаңы да 450 мың гектарға азайған. Есесіне қылша мен майлы дақылдар егістігі көбейген. Бүгін Үкіметте ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер қаралды. Министрдің айтуынша су үнемдеу технологияларын қолдана отырып сурамалы жерлерді 150 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Оған кеткен шығынның 80 пайызын бюджет өтеп береді. Жарты жылдың қорытындысы бойынша агро салаға 410 млрд теңге инвестиция тартылды. Шаруаларды субсидиялау жүйесі де жетілдірілді. Премьер-министр Қазақстан өзін толықтай азық-түлікпен қамтып қана қоймай, экспорттаушы елге айналуы керектігін айтты. Ал салаға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп жатыр, - деді ол.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Биыл көктемгі егіс жұмыстары мен ауыл шаруашылығы техникаларының лизингіне ауқымды қаражат бағытталды. Жеңіл шарттармен кредит беру көлемі бірінші рет 580 млрд теңгеге жеткізілді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 180 млрд теңгеден асып көрмеген. Қабылданған шаралар егіншілердің барлық қажетті агротехникалық іс-шараларды толық көлемде жүргізуіне мүмкіндік берді.
Шерхан Жамбылұлы