Бүгін Талдықорғанда қалалық білім бөлімінің бас есепшісі мен белім беру мекемелерінің бухгалтерлеріне қатысты сот отырысы аяқталып, үкім шықты. 245 томнан тұратын іс сотта 4 айдай қаралды. Нәтижесінде білім бөлімінің бас есепшісі Мадлен Серғазинова 15 жылға, қалған 20 азамат 7 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айрылды. Оларға ұйымдасқан топ құру және аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген айып тағылып, қылмыстық жолмен иемденген дүние-мүлкі тәркіленді. Сот отырысында екі айыпталушы мемлекетке келтірген шығынды толық өтегені үшін 7 жылға шартты түрде жазасы кесілді. Тағы бір есепшіге қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Бақыт Ермаханов, Жетісу облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:
Ұйымдастырылған топ өлі жандарға және мектеп қызметкерлеріне белгіленген лауазымдық жалақыларынан тыс жалақы есептеу арқылы 4,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған. Жымқырылған қаржыны сотталушылар туыстарының банктік шоттарына таныстарының банк шоттарына аударып, оны қолма-қол шығарып, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесіне алып келіп беріп отырған. Бір бөлігін өздеріне қалдырып отырған.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір жыл бұрын қалалық білім бөлімінің бас есепшісі аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп Панфилов ауданының аумағында ұсталған еді. Сол кезде Мадлен Серғазинованың көлігін тінту барысында 1 млрд теңгеге жуық қолма-қол ақша табылды. Сот барысында барлық сотталушыдан 20-дан астам жылжымайтын мүлік, 10 автокөлік және өте көп мөлшерде бағалы әшекейлер тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қуаныш Қанатұлы