Президент Пантелей Кесоглуді І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Пантелей Кесоглуді І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады

22.07.2024

Бүгін мәдениет пен эстрада өнерін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін көпшілікке Лаки Кесоглу есімімен белгілі Пантелей Кесоглу І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Президент Жарлыққа қол қойып, марапатты салтанатты түрде Алматы әкімі табыстады. Дәл бүгін танымал әнші 85 жасқа толды.

Лаки Кесоглу – шығармашылық өмірі мен ұстаздық қызметін қатар алып жүрген өнер саңлағы. Екі сара саланы дамытуға өлшеусіз үлес қосқан мәдениет майталманына дәл бүгін көрсетілген құрмет те ерекше. І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталып, замандастары мен шәкірттері ілтипат көрсетті.

Лаки Кесоглу, ҚР Халық әртісі:

Таңертең Президенттің Жарлыққа қол қойғаны туралы оқып толқып кеттім. Шынын айтсам, күтпеген едім. Осы уақытқа дейінгі еңбегімнің елеп-ескерілгеніне өте қуаныштымын. Ең бастысы өнерімді бағалайтын халықтың ықыласын сеземін.

Ел ішінде «Өтінемін, айтшы маған», «Сәттілік тілеймін», «Ұлым менің», «Музыка сабағы», «Жылама, Мария», әндерімен кеңінен танылған Лаки Кесоглу осы уақытқа дейін 300-ге жуық ән орындаған. Әншілік тәжірибесі оны ұстаздық кәсіби деңгейге көтерді. Алдымен Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрда-цирк колледжінде еңбек етті. Кейінен Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында  «Эстрадалық өнер» кафедрасын ашып, әрі алғашқы меңгерушісі де осы - Лаки Кесоглу болатын.

Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық әртісі:

Оның оқушылары Қазақстанның Халық әртістері, Еңбек сіңірген әртістері, Халықаралық конкурстардың лауреаты. Сондықтан да Лакидің оқушыларды бірінші сапта тұрады. Мен Лакидің алдында басымды иемін. Осындай ұстаздарымыздың арқасында жас ұрпақ тәрбие алып, білім алып, нағыз кәсіби әнші болып сахнада жүр.

Иә танымал әнші, профессор, ұстаз осы уақытқа дейін талай талантқа өнер жолында жаңылмайтындай бағыт-бағдар берді. Ұстаздың кәсібилігі шәкіртінің шыңдалған қабілетінен көрінетіні даусыз. Ол сахнаға жолдама алғысы келетін кез келген өнерпазға шынайы баға беруді тоқтатқан емес...

Жеңіс Ысқақова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

Осы жақында ғана мемлекеттік емтиханда бірге отырдық. Екі күнде біз 132 бітірушілерден ән тыңдадық. Және де бүкіл бағасын өте әділетті беріп және де мүмкіндіктерінің барлығын жақсы бағалап отырды. Ол кісіні мойындаймыз, ол кісіге еліктейміз және қазақ эстрадасының әкесі деп басымызды иеміз.

Лаки Кесоглудың басты ұстанымы да өнерлі шәкірттерінің бойындағы тылсым талант пен ерекше қабілетті аша білу. Құрметті профоссор жас буынға әлі күнге дейін жол сілтеп келеді...

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу