Қазақстандықтар мемлекет қаржы бөлген медициналық қызмет үшін ақы төлеп келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар мемлекет қаржы бөлген медициналық қызмет үшін ақы төлеп келген

22.07.2024

Қазақстандықтар мемлекет қаржы бөлген медициналық қызметтер үшін ақы төлеп келген. Тіпті шетелге көшкен азаматтарға да дәрі-дәрмек рәсімделген. Жоғары аудиторлық палата әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы біраз былықтың бетін ашты. Аудит 2022-2023 жылдарға жүргізілген. Оның аясында 13 ұйымға 3,8 трлн теңге болатын қаражат пен активтерге тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 31 млрд теңге тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Тағы 32 млрд теңгеге рәсімдік бұзушылықтар белгілі болды. Ұлттық қордан бөлінетін ақша да жетер жеріне жетпеген. Аудит жүргізілген уақытта 50 млрд теңге аударылған, алайда 13 млрд теңгесі игерілмей қалған. Кейбір мекемелер ем-дом үшін қазынадан қаржы бөлінсе де, науқастардан ақша алып келген. Стационарлық көмек бойынша кем дегенде 1,7 млрд теңгеге, амбулаториялық көмек бойынша 27,6 млрд теңгеге қосарланған төлем фактілері анықталған.

Қор бұл бағытта ешқандай мониторинг жүргізбеген. Стоматологиялық клиникалардың қызметтерінде де заңбұзушылықтар анықталды. Медициналық сақтандыру тарифіне анестезияның құны да енгізілгені анықталды. Бірақ стоматологиялық клиникалар ол үшін қордан 2,1 млрд теңгеге қосымша ақы алған. Жоғары аудиторлық палатаның хабарлауынша бұл деректер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына беріледі.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу