Алматы облысында Париж Олимпиадасына қатысуға лицензия алған спортшылардың әрқайсысына 1,5 млн теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табысталды.
Жастармен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай ауданында орналасқан республикалық олимпиадалық даярлау орталығында кездесті. Өңірден шыққан талантты спортшылар Демеу Жадраев, Әсем Орынбай және Мария Дмитриенко әлем көз тіккен бәйгеге екінші рет қатысқалы отыр. Ал Эдуард Лещенко мен Никита Чирюкин олимпиада ойындарында алғаш рет бақ сынайды. Облыс басшысы олимпиадалық дайындық базасындағы «Атыс кешенін» аралап, спортшыларды төрт жылда бір өтетін басты жарысқа толыққанды дайындау үшін барлық жағдай жасалғанына көз жеткізді. Айта кетейін, Қазақстан олимпиадалық құрамасындағы 80 адамның 9-ы спорттық атудан сайысқа түседі. Олардың төртеуі – Алматы облысынан.
Жазира Оразқызы