Атырау облысы Құлсары қаласында тасқыннан келген шығын көлемін есептеу жалғасып жатыр. 2 650 үйдің иесі әкімдікпен келісімшартқа отырды. Тұрғындардың басым бөлігі өтемақыларын алған.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Құлсарыны су басқалы 4 айға жуық уақыт өтті. Ауданға келген шығын әлі есептеліп жатыр. Бағалау жұмыстары аяқталды. Өтемақыларын алған тұрғындар жаңа үй сатып алу, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда.
Тасқын кезінде баспанасы су астында қалған тұрғындардың бірі – Айгүл Жолтуриева. Кілкіген суда ұзақ тұрған үйі адам тұрғысыз күйге жеткен. Мемлекет берген көмектің арқасында жуырда жаңа үйге қоныстанды.
Айгүл Жолтуриева, Құлсары қаласының тұрғыны:
Әуелі ағаштан салып алып тұрдым. Одан жаңағы Іле ауданынан ағаш үй келді. Соған тұрдық. Осы маусымның басында кіріп отырмын осы үйге. Қазір жайлап жайғасып жатырмыз.
Бағалау комиссиясының қорытындысымен 1500-ге жуық азаматтың үйі жарамсыз деп танылды. Олар қараша айына дейін сүрілуі тиіс. Алайда Құлсарыда жұмысшы тапшы. Қызмет құны да біраз көтерілген.
Райхан Сүйеуова, Құлсары қаласының тұрғыны:
200 шаршы метр шамасында 210 мыңмен есептеп берді. Бұл енді үйді бұзуға да, қайтадан жаңасын салуға жетеді деп ойлаймын. Бәрі қымбаттады, адамның қол жұмысы бәрі қымбаттап жатыр. Ақшамыз жетпей қала ма деп қорқамыз, бірақ үнемдеп-үнемдеп жеке дербес шотқа салып қойып отырмыз уақытымызды күтіп.
Моноқалада үйлерін су басқан 2650 тұрғын келісімшартқа отырып, оларға 72 млрд теңгеге жуық өтемақы төленген. 1100-ден астам азамат жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әкімдік алдағы уақытта тасқынға қарсы барлық амалдың қаралып жатқанын алға тартты.
Жұмабек Қаражанов, Жылыой ауданының әкімі:
Қазір бізде «Қазгидроводхоз» ғылыми институты жұмыс істеп жатыр. Бұл Жем өзенінің басталатын тұсынан Каспийден аяқталатын жеріне дейін ғылыми зерделеу жұмысы жүріп жатыр. Бізге Құрсай өзегі мен Жем өзенінің қай жерінің жаптарын көтеруге болады, қай жерлерін тереңдетеміз сол жұмыстардың бастапқы нәтижелерін беріп жатыр. Біз осы жұмыстарды дереу бастауымыз керек.
Жалпы Жылыой ауданындағы нысандарды қалпына келтіруге 21 млрд 400 млн теңге қаражат керек. Мәжіліс депутаты Әділ Жұбановтың айтуынша, бұл қаржының бірқатары республикалық бюджеттен қолдау табады.
Нұрсұлтан Нұрсейіт