Қазақстан – Беларусь десантшылары оқу-жаттығу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан – Беларусь десантшылары оқу-жаттығу өткізді

22.07.2024

Жетісу облысында Қазақстан мен Беларусь десантшылары бірігіп, «Бауырластық шыңы-2024» оқу-жаттығу жиындарын өткізді.

Жаттығу барысында десантшылар барлау жүргізудің іздеу, тосқауыл қою және шабуыл жасау секілді түрлі тәсілдерін пысықтады. Екі елдің әскери қызметшілері бірлескен тапсырмаларды абыроймен орындап шықты. Олар 1,5 тәулік ішінде таулы жерлерде қойылған тосқауылдарға лайықты тойтарыс берді. Оқу-жаттығулардың жабылу рәсімінде ерекше көзге түскен әскерилер марапатталды.

«Шығыс» оқу-жаттығу полигонында жауынгерлік даярлық пысықталды

Ал Абай облысындағы «Шығыс» оқу-жаттығу полигонына Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан 1500-ге жуық қазақстандық оқуға келді. Олардың арасында бұрын әскер қатарында болған, қазір түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Әскери жиын жыл сайын өтеді. Мерзімі – 30 күн. Мақсаты – әскери оқытылған резерв жинау. Жиын барысында жауынгерлік даярлық бойынша дәріс өтеді. Шақырылған азаматтар әскери қызметшілер сияқты киім-кешек, азық-түлік және медициналық қызметпен толық қамталады. Арнайы тактикалық оқу-жаттығудан бөлек тәжірибелік сабақтар да өтеді.

Дидар Мұхамедкәрімов, әскери жиынға қатысушы:

Осы жерде бүкіл жағдай жасалған. Бізге командирлер сабақ үйретіп, бүгін қауіпсіздік шараларын үйретіп жатыр. Ары қарай да техникалық, тактикалық білімдерімізді шыңдап, әскери қабілеттілігімзді арттырамыз деген ойдамын.

Динара Жарқынбек

Ғабит Ұзақбай


Хабарламаларға жазылу