Түркістан облысындағы тәжірибелі металлургке «Құрмет» ордені табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы тәжірибелі металлургке «Құрмет» ордені табысталды

20.07.2024

Ертең металлургтер күні. Мереке қарсаңында осы салада 40 жыл еңбек еткен Түркістан облысының азаматына «Құрмет» ордені табысталды. Нұрлан Қадырәлиев Шымкент механикалық зауытында слесар әрі болат балқытушы болған. Қазір машина жасау зауытында еңбек етеді. Тәжірибелі маман еліміздің өнеркәсіп және инфрақұрылымдық дамуына үлес қосқаны үшін мемлекеттік наградамен марапатталды. Арнайы марапатты облыс әкімі Дархан Сатыбалды табыстады.

Нұрлан Қадырәлиев, «Құрмет» орденінің иегері:

1986 жылдан бері металлургия саласында істеп келе жатырмын. Ең соңғы істеп келе жатқан еңбек орным осы «KARLSKRONA» болып тұр. Қиыншылығы сол ыстық. Пештің ыстығы. Күннің ыстығы. Күннің өзі 40 градус болса, пештің ыстығы 1700 градусқа дейін барады.

Абай облысында да металлургтерге құрмет көрсетілді. Бақыршық тау-кен кәсіпорнының қызметкерлеріне облыс әкімі мемлекеттік наградаларды табыстады. Мерекелік кеш эстрада жұлдыздарының қатысуымен концертке ұласты.

Ержан Қадырханов, Байыту фабрикасының конвейер машинисі:

Мына алып жатқан марапатымыз бұл енді жалғыз менің ғана еңбегім емес, алып жатқан жастардың да еңбегіне стимул береді. Еңбектеніп, осындай дәрежеге жетіп жатса, біз қуанамыз.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу